АҚШ-та студенттердің несиесі кешірілмейтін болды
АҚШ президентінің шешімін Жоғарғы сот заңсыз деп тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Джо Байден кезінде білім алам деп жүріп, қарызға батқан 43 миллион америкалықтың несиесін кешіріп, шешім шығарған. Алайда президенттің сайлауалды берген уәдесі енді орындала ма, орындалмай ма – белгісіз. Ақ үй басшысы келер жылы өтетін сайлау алдында жеңілді. Бірақ ол уәдемді қайтсем де орындаймын, болмаса, басқа бір жолын табамыз деп мәлімдеді.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Былтыр тамызда Джо Байден табысы аз америкалықтардың кезінде оқуға түсу үшін алған несиесін кешіру туралы жоспарын жариялады. Оған сәйкес колледжде және басқа жоғары оқу орындарында білім алу үшін несие алған азаматтардың жылдық табысы 125 000 доллардан аспайтын болса, 10 000 долларға дейін, ал аз қамтылған студенттердің 20 000 долларды кешіру керек еді. Демократ-президенттің бұл шешімін, әрине, миллиондаған халық қуана қабылдады.
Крис Мартинес, студент:
- 20 мың доллар маған көп көмек болатын еді. Үкіметке әйтеуір бірдеңе болып тұрады. Бізде үнемі жалған үміт қана бар. Меніңше, саясаткерлер, өздері айтқандай, қарапайым халық үшін жақсырақ жұмыс істеуі керек.
Өткен жылы тамызда Президент мәлімдемесінен соң 2 айдың ішінде 26 миллион адам несиесін кешіру жөнінде өтініш беріп үлгерген. Бірақ Жоғарғы сот 430 миллиард доллар студенттік несиені жабу туралы Байденнің шешімін заңсыз деп тапты. Негізінен республикалық партияны қолдайтын Арканзас, Айова, Канзас, Миссури, Небраска және Оңтүстік Каролина штаттары Байденнің қарызды кешіру шешіміне қарсы шыққан еді. АҚШ президенті болса өзінің әкімшілігі студендік несиені жеңілдетудің басқа жолын табатынын айтты.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Тыңдаңыз. Мен де бұл туралы алаңдаймын. Бұл шешім бір жолды жапқанымен, біз басқа бір жол таңдаймыз. Мен сіздер үшін күресуді тоқтатпаймын. Халыққа қажетті студендік қарызды жеңілдету, армандарға қол жеткізу үшін күресе беремін. Бұл ел экономикасы үшін жақсы.
Йонас Хайле, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:
- Халықтың көпшілігі не айтатынын білесіз бе? Мен ешқашан мұнша қарызымды төлеп бітпеспін дейді. Ең жаманы, доктор дәрежесін алып, магистр атанып, мемлекетке 180 мың доллар қарыз боласыз. Дәрежеңіз доктор, бірақ несиеңізді қайтара алмайсыз.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Демократ президент Джо Байден де, республикашыл Дональд Трамп та 2020 жылы пандемиямен кезінде қабылданған HEROES деген заңға сүйеніп, студенттер қарызын тоқтата тұру және проценттік үстемесін арттырмау жөнінде шешім қабылдап келді. Енді пандемия аяқталған соң қарызды қайтаратын кез келді. Өйткені Конгресс нақты заңнамада бекітпесе, президенттің шешіміне қарамастан соттардың «аса зор экономикалық және саяси маңызы бар» мәселеде атқарушы биліктің әрекетін жарамсыз деп тануға өкілеттігі бар.
Авторы: Нұрбек Бекен.