ШЫҰ елдерінің шекарашылары кездесті

Мемлекеттік шекараны бұзған 200-ден аса адам ұсталып, 68 қару, жарты тоннадан аса есірткі тәркіленді.

Бұл «Достық шекарасы – 2022» арнайы операциясының нәтижесі. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің шекаралық қызметі бірлесе атқарған жұмыстарын қорытындылап, құрылымдар арасында байланысты арттыру мәселесі талқыланды. Халықаралық жиынға Иран ислам республикасы бірінші рет қатысып отыр. Шекара қауіпсіздігі туралы тілшіміз баяндасын.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің кәрі құрлықтағы саны 9-ға жетті. Аталған ұйымға мүше елдердің жалпы аумағы 35 миллион шаршы шақырым, халық саны 3,5 миллиардты құрайды. Көптеген мемлекеттердің шекаралары шектесетіндіктен, мемлекеттік шекара аймағындағы қылмыспен бірлесе күреу өте маңызды. Бүгінгі жиында «Достық шекарасы – 2022» бірлескен операциясы қорытындыланды.

Ерлан Алдажұманов, ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры:

- Ортақ операцияның нәтижесін ауыз толытырып айтуға болады. 200-ден аса шекара бұзушы мен миграциялық заңды бұзған 2 мыңнан аса адам ұсталды. 68 дана қару мен 52 мың оқ-дәрі тәркіленді. Контрабанда бойынша 113 факті анықталып, 600 келіге жуық әртүрлі есірткі түрлері тәркіленді.

Иран ислам республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымының тоғызыншы мүшесі болды. Аталған мемлекет Еуразия құрлығындағы жер көлемі мен халық саны көп елдің бірі. Оған қоса Каспи теңізі мен Таяу шығыс аймағында өз орны бар. Иран ислам республикасының шекара қызметінің өкілдері дәстүрлі жиынға алғаш рет қатысты.

Руслан Мирзаев, ШЫҰ Өңірлік террорға қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры:

- Бізді шекаралық қауіпсіздік бойынша көптеген мәселелер байланыстырады. Соның бірі Ауғанстан, Сирия, Сахара-Сахель аймағындағы содырлар қақтығысы әлі күнге басылмай тұр. Осыған орай Иран ислам республикасы қосылып, шекаралық бақылау, заңсыз миграция және есірткі тасымалмен күрес арта түседі. 

Бүгінгі отырыста келесі жылға арналған жұмыс жоспары талқыланады. Терроризм, заңсыз қару және есірткі тасымалы, көші-қон және өзге де қатерлерге қарсы шаралар қабылданбақ. Осы мақсатта аталған ұйымның орталығы орналасқан Қазақстан маңызды рольге ие.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов