ЕО жасыл энергетиканы дамытуға мүдделі

Еуроодақ Орталық Азия елдерінің жаңғыртылатын энергия көздерін дамытуға қолдау білдіруге дайын.

Брюссель энергетикалық клубының отырысында осындай мәлімдеме жасалды. Жиынға Орталық Азия елдерінің тұрақты өкілдері мен Одақтың мемлекеттік органдары, энергетикалық компаниялары қатысты. Қазақстан климаттың өзгерісімен күрес жөнінде Париж келісіміне атсалысатынын атап өтті. Маңғыстау облысында жасыл сутегі өндіріп Одақ нарығына жеткізу туралы келісім бар. Брюссель өңірдің жасыл энергетикаға көшуіне байланысты жобаларға 700 миллион еуро бөлуге ниетті.

Марғұлан Баймұхан, ҚР-ның Бельгия мен Люксембургтегі елшісі, ЕО мен НАТО-дағы өкілдігінің басшысы:

- Жасыл энергетика - Қазақстан мен Орталық Азия үшін маңызды басым бағыттың бірі. Осыған байланысты біз еуропалық әріптестерімізбен осы салада бірлесіп әрекет ету мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Олардың арасында жобаларды қаржыландыру бар.

Тери Хакала, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

- Орталық Азия энергетикалық ресурсқа бай әрі оларды дамытуға әлеуеті де зор. Климаттың өзгеруімен байланысты сын-қатерлер артып келеді. Аймақ елдерінің жасыл энергетикаға көшу бойынша жоспарлары бар. Бізге оларды келісіп, қолдау көрсету тұстарын айқындау қажет.  

Аймақтық ынтымақтастық мысалы ретінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның бірлесіп Қамбарата су электр станциясын салу туралы келісімін айтуға болады. Конференцияға қатысушылар саладағы серіктестікті талқылауды жалғастырып, жаңғыртылатын қуат көзін дамыту бойынша тәжірибесімен алмасуға келісті. 

Надежда Кокотович, Брюссель энергетикалық клубының директоры:

- Қамбар ата ГЭС-і бірлесіп салу аймақ үшін өте қажет. Бұл өңірдегі осы саланы дамытудың ең тиімді жолының бірі деп айтуға болады. Мұны әлемнің өзге де елдеріне қатысты айтуға болады. Мысалы мен Батыс Балқанынанмын. Бізде осындай жағдай. Яғни біз тек бірлесіп қана дами аламыз.