Англияда мыңдаған мұғалім көшеге шықты

Себеп жалақыға көңілдері толмайды.

Ұстаздар табысының инфляция деңгейінен жоғары болғанын талап етіп жатыр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Соңғы екі жылда ұстаздар қауымының айлығы 5 процентке өсті. Бірақ шарықтаған инфляция деңгейімен салыстырғанда бұл түк те емес дейді олар. Сондықтан төрт бірдей кәсіподақ ұйымына мүше мұғалімдер парламент алдына жиналып, наразылықтарын білдіріп жатыр. 

Елде мектеп оқушылары әлі каникулға шыққан жоқ. Оқу жылы осы айдың аяғында ғана аяқталады. Сондықтан мыңдаған бала үшін оқу процесі тоқтап қалды. Кейбірі тіпті ұстаздарын қолдау мақсатында Вестминстер сарайының алдына арнайы келді. Мұғалімдер наразы. Кедейшіліктен олар екінші жұмысқа орналасуға мәжбүр. Тіпті басқа салаларға ауысып жатқандары да бар. 

БЛИЦ:

- Жалақының жеткіліксіздігінен тәжірибелі мұғалімдер жұмыстан кетіп жатыр. Білім сапасы нашарлап кетті. Оқушыларға зияны тиюде.

- Мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндер түгел зардап шегіп жатыр. Дәрігерлердің де айлығы шайлығына жетпейді. Сондықтан көшеге шығуға мәжбүрміз. 

Наурызда өткен келіссөздерден кейін үкімет мұғалімдерге қосымша табыс ұсынғаны белгілі. Келесі жылы жалақы көлемін көтереміз деп те сендіріп отыр. Бірақ ұстаздар қауымы бұл ұсыныстарды мардымсыз деп санайды. Білім министрі болса, жаңа келіссөздер жүргізуге  дайын емес екендігін ескертті. 

Джиллиан Киган, Ұлыбритания білім министрі:

- Біз осы жылы 1000 стерлинг фунты көлемінде бір жолғы төлем ақы ұсындық. Келер жылы 4,5 процент көлемінде жалақыны арттыруға уәде бердік. Оған қоса үкімет инфляция деңгейін төмендету үшін барын салып жатыр.

Бұл жыл басынан  мұғалімдер осымен алтыншы рет ереуілге шығып отыр. Жұма күні тағы біреуі өтеді деп жоспарланған.  Алдағы оқу жылында да наразылық шаралары тоқтайтын түрі жоқ.

Ғалымжан Қараманұлы