Каховка ГЭС-дегі апат Грузия халқын да алаңдатып отыр
Елде су электр станциясындағы бөгеттің жарылуынан Қара теңіздің ластануы туралы қауесет тарап кеткен.
Бұл мемлекеттің туризм саласына айтарлықтай кері әсерін тигізген.
Каховка су электр станциясындағы апаттан кейін Грузияның қоршаған ортаны қорғау ұлттық агенттігі қауіпсіздік шараларын күшейтті. Қазір Қара теңіздің мемлекетке тиесілі аумағындағы су сапасы жиі тексеріліп жатыр. Бүгінгі күнге дейінгі Аджария аймағындағы су айдынынан алынған сынамалар қалыпты нормадан ауытқымағанын көрсетіп отыр.
Марина Арабидзе, Грузия Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің басшысы:
- Тұрғындардың Каховка су бөгетіндегі оқиғаға қатысты өтінішінен кейін Қоршаған ортаны қорғау агенттігі Қара теңіздің суын әр 10 күн сайын тексеріп жатыр. Алынған сынамалар зертханаға жіберіледі. Ғылыми орталық су, топырақ және ауаны тексеруге қажетті заманауи құралдармен жабдықталған.
Аджарияда жазғы демалыс маусымы, маусым айының ортасынан басталады. Бөгеттің бұзылуы тұрғындарды алаңдатып отыр. Жұрт теңіз суының сапасына күмәнданады. Билік күдікті сейілту үшін теңіз суының физикалық және химиялық жағдайын мұқият бақылауға алған.
Тамуна Скотникова, жергілікті тұрғын:
- Бастапқыда теңізге барып демалуға қорқып, тауға барсақ па деп те ойладық. Кейін жағдайға қатысты ғаламтордағы ақпараттарды зерделеп, қауіп-қатердің жоқтығына көз жеткіздік. Теңіз суы әр апта сайын тексеріледі.
Ева-Мария Емельянова-Сурик, жергілікті тұрғын:
- Біз Батумиге жыл сайын достарымызбен келіп демаламыз. Биыл отбасымызбен бірге өткізбекшіміз. Теңіз суы ластанып жатыр деп естідік. Бірақ келген соң күдік сейілді. Жағдайдың қалыпты екенін көріп отырмыз. Су тап таза, дельфиндер жүр. Мамандардың да бір-екі рет сынама алып жатқанын өз көзімізбен көрдік.
Мамандар биыл Қара теңіз суы былтырдан қарағанда әлдеқайда таза дейді. Мұны өткен айда Аджария курорттарында жүргізілген зерттеулер көрсеткен. Жергілікті билік теңіз суының сапасын сақтауға күш сала беретінін айтады.
Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили