Германияда екпенің зардабына қатысты сот отырысы басталды
Германияда ковидке қарсы вакцинаның кері әсеріне байланысты алғашқы сот ісі қаралып жатыр.
Шағымды 58 жастағы ер адам түсірген. Дитмар Шерердің екпеден кейін бір көзі көрмей қалған, сөйтіп инженерлік жұмысынан айырылған. Енді ол 150 мың еуро өтемақы өндіріп алуға ниетті. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жалпы елде вакцинациялау салдарынан зардап шегуге байланысты 300-ден астам іс қозғалған. Дитмардың ісі бойынша үкім 28 қыркүйекте шығуы тиіс.
Йохим Цезар-Преллер, зардап шегушінің адвокаты:
- Бұл "Байонтек" компаниясына қарсы алғашқы сот отырысы. Шағымданушының екпе салдырғаннан кейін бір көзі көрмей қалған. Ол мұның зардабын әлі тартып жүр. Өтемақы талап етіп отырғаны сондықтан. Пандемияны жеңдік қой, енді екпеден зардап шеккендерге қол ұшын созуымыз керек. Бұл өте маңызды.
Томас Гайгер, сот өкілі:
- Бұл істі сот қарап жатыр. Барлық дәлел-дәйектер сараланады. Қанша сот тыңдауының өтетіні әзірге белгісіз. Қосымша сараптама қажет болуы мүмкін.