Ресей шетелдік дәрі-дәрмекке тәуелділіктен құтылу жолын қарастырып жатыр
Ресей шетелдік дәрі–дәрмекке тәуелділік мәселесін шешу жолдарын қарастырып жатыр.
Ресми мәліметтерге сәйкес, аса қажетті препараттар тізімінің 20 пайызы Ресейде өндірілгенімен шетелдік субстанция негізінде жасалады екен. Енді мәселе қалай шешілмек?
Шетелдік дәрі-дәрмек өндірушілердің нарықтан кетуі бірқатар қиындықтар туғызып отыр. Бұл қазіргі Ресей нарығында басты мәселеге айналған. Елдегі аса маңызды дәрілер тізіміндегі ресейлік өнім деп саналатын препараттардың өзі импорттық субстанциялардан жасалады. Қазір жергілікті билік оның орнын алмастыру жағын қарастырып жатыр.
Виктор Дмитриев, ресейлік фармөндірушілер қауымдастығының бас директоры:
- Бүгінгі күні, өкінішке орай, тіпті фармсубстанцияларды өндірушілер де импорттық ингредиенттер мен жабдықтардан 80-90% тәуелді. Логистикалық жолдар жабылса, негізінен дәрісіз қалатын түріміз бар. Сонымен бірге дәрігерлер мен пациенттер дәрі таңдау құқығынан айыралады.
Бұл мәселені шешуге болады. Мамандардың айтуынша, ол үшін отандық дәрілер өндірісін ашып, қажетті өндіріс технологияларының трансферін ұйымдастыру қажет. Бұл жерде де бірқатар проблема бар. Фармацевтикалық кәсіпорындарға арналған құрал-жабдықтар Ресейде өндірілмейді.
Сергей Ескин, фармацевтикалық компанияның директоры:
- Біздің кәсіпорындар құрал-жабдықтардың барлығын дерлік шетелден сатып алады. Сондықтан да біз жабдықтардың жеткізілім мерзімі мен шарттарына тәуелдіміз. Және де осы жабдыққа техникалық қызмет көрсету, қосалқы бөлшектер жеткізу — бұның бәрін шетелдік компаниялар жасайды.
ТРесей билігі фармкомпанияларға импортқа тәуелділікті азайту талабын қойып отыр. Сол арқылы дәрі-дәрмек нарығындағы тәуелділікті қамтамасыз етпек. Оның тиімді әрі арзан жолы - импорттық препараттардың баламаларын шығаруға тіреледі. Алайда оны жасап клиникалық сынақтардан өткізгеннің өзінде тіркеуге төрт жыл уақыт кетеді дейді сарапшылар. Ал түпнұсқа препараттардың нарыққа шығуына он жылдан астам уақыт кетуі мүмкін.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров