АҚШ-та мигранттар мәселесі қиындап барады

Елге жан-жақтан ағылған босқын саны азаяр емес.

Таяуда Ақ үй басшысы Джо Байден мигранттарға қатысты заңды қатаңдатты. Оның салдарынан шекара аспақ болған халықтың жағдайы күрт нашарлады.

АҚШ-та көші-қон мәселесі өршіп тұр. Мексикамен көршілес аймақта жүздеген босқын шекарада тұрып қалды. Жақсы өмір іздеген жұрт уақытша тұрғызылған шатырларды паналап, құжаттарын күтуге мәжбүр. Олардың мұндай күйге түсуіне Ақ үй басшысы Джо Байденнің мигрантарға қатысты жаңа ережесі себеп болған.

Алехандра Пена, Венесуэла азаматы:

- Мен мұнда балалармен тұрып қалдым. Осындай шатырларды паналауға мәжбүрміз. Үйсіз-күйсіздің күнін кешіп жүрміз. Әрине бұған қынжыламыз. Мұнда не күнделікті тіршілікке дұрыс жағдай жасалмаған, не қауіпсіздік сақталмаған.

Бұл елде мамырдың 11-нен бастап шекара аспақ болған шетелдік босқындарға ереже қатаңдады. Мемлекет басшысы Байден коронавирус пандемиясынан кейін Дональд Трамп кезіндегі қатаң саясатты жеңілдетіп, иммиграциялық жүйені халыққа қолайлы етуге уәде берген еді. Бірақ бұл уәде толық орындалмай тұр.

Юдильма Янес, Венесуэла тумасы:

- Бұрынғыдай өмір жоқ әрине. Президент мигранттарға қарсы болмаймыз, ережелер жеңілдейді деп еді, бұл жүзеге аспады.  Не бір жерге барып, балалармен серуендей алмаймыз, жағдай жоқ. Кейде қайыр сұраймыз. Себебі  бірде тоқ, бірде ашпыз. Ең бастысы басымыз аман, үміт үзбейміз. АҚШ-қа барған соң өміріміз жақсарады деп сенемін.

Иммиграциялық заңның 42-ші бабына енгізілген жаңа өзгеріске сәйкес, шетел азаматтары Трамп кезінде мүлдем жойылған саяси баспана сұрау мүмкіндігіне қайта ие болды. Бірақ босқындардың құжат алуы ұзаққа, тіпті бірнеше айға созылып отыр. Шекарада күтуден бас тартқан адамдар болса  елден депортацияланады.

Фидель Бака, шекара қызметкері:

- Қазір заңсыз елге кірмек болған шетел азаматтарының саны азайып келеді. маусым айынан бері күніне 430 адам ұстап жүрміз. Былтыр  мұндай уақытта бұл көрсеткіш рекордттық деңгейге 2700 -ге жеткен еді. Яғни статистика 6 есеге қысқарды.

Жалпы АҚШ-қа жыл сайын 770 мыңдай мигрант заңсыз келеді екен.  Олардың дені Мексика, Үндістан, Филиппин азаматтары. Тексеруден өтпеген азаматтарға АҚШ-қа кіруге 5 жылға тыйым салынады. Осылайша соңғы айда Америкаға заңсыз кірмек болған босқындар саны 70 пайызға азайды.  Жергілікті билік, бұл шектеулер Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр дейді.

Авторы: Мақпал Сержанқызы