Лондонда Қазақ-Британ тау-кен бизнес форумы өтті
Екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шарада пайдалы қазбаларды өндіру және өнеркәсіптің тұрақты дамуына қатысты мәселелер талқыланды.
Форумды Ұлыбританияның Бизнес және сауда министрлігінің мемлекеттік министрі Нусрат Гани ашып берді. Ол Қазақстанның минералдық базасының бұрын-соңды болмаған тартымдылығына баса назар аударды. Біріккен Корольдік өзара тиімді ынтымақтастық орнатып қана қоймай, саланы дамытуға ат салысуға мүдделі деді ол.
Нусрат Гани, Ұлыбритания Бизнес және сауда министрлігінің мемлекеттік министрі:
- Қазақстан өзара әріптестікте жұмыс істеуге тұрарлық керемет мемлекет. Біз тиімділікке мән бере отырып, таза әрі қоршаған ортаға зиян тигізбейтін тау-кен өндірісімен бірге айналысқымыз келеді. Келісім-шартымыздың барынша ашық әрі есебі толық қадағаланғанын қалаймыз.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Мағжан Ілиясов форум қатысушыларына шетелдік инвесторларды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ инвестицияларды ынталандыру бағытындағы жаңа бастамалардан да хабардар етті.
Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:
- Британ бизнесінің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихы тереңде жатыр. Қазақстандағы мысты өндіру ісімен ең алғаш рет британиялық өнеркәсіпшілер Октябрь революциясына дейін айналысқаны белгілі. Біз бүгін оларды шақырғаннан гөрі қайта оралғандарын қалап отырмыз. Жаңа технологиялармен және инвестициялармен.
Форумның алғашқы панельдік талқылауында еліміздегі пайдалы қазбаларды өндіру және барлау ісіне шолу жасалып, саланың инвестициялық әлеуетіне назар аударылды. Баяндамашылар жиынға қатысушылармен Қазақстанның тау-кен өндіру секторын дамытудағы бастамаларымен бөлісті.
Ерлан Ғалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі геология комитеті төрағасының орынбасары:
- Британ бизнес қауымдастығы геологиялық ақпараттың қолжетімділігі туралы көп сұрақ қойды. Қазір елімізде ол ақпаратты цифрландыру және шетелдік инвесторларға ұсынуды автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Форум барысында бұл салаға инвестиция құюға бизнес қана емес, қаржылық институттардың да қызғушылығы жоғары екенін байқадық.
Джефф Таунсенд, Ұлыбритания маңызды минералдар қауымдастығының негізін қалаушы:
- Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібінің бай тарихы бар. Бірақ басқа елдермен салыстырғанда әзірге юрисдикциясы қатты танымал емес. Сондықтан оның артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандыра берген артық етпейді.
Екінші панельдік пікірталаста билік және бизнес өкілдері, сондай-ақ ғалымдар барлау ісіне инновациялық технологияларды енгізу, мүдделі тараптармен қарым-қатынастарды нығайту және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылады. Сарапшылар тау-кен өнеркәсібі Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналуы әбден мүмкін екендігін айтты. Британиялық бизнесмендер инвестиция құйып қана қоймай, жергілікті мамандарды оқытып, жаңа технологиялар енгізуі де өте маңызды дейді олар.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы