Оңтүстік Кореяда адам жасын есептеудің жаңа жүйесі енгізілді
Оңтүстік Кореяда 28 маусымнан бастап адамның жасы халықаралық стандарттар бойынша белгіленеді.
Бұған дейін елде адам дүниеге келгенде автоматты түрде бір жасқа толатын еді, ал келесі жылдың 1 қаңтарында тағы бір жыл қосылатын.
Владислав Цой, тілші:
- Корейлерде адам жасы ұрықтың құрсақта өмір сүрген кезінен бастап есептеледі. Бұл дәстүрлі санау ежелден бар. Мұндай есептеу Қытай мен Жапонияда және Вьетнамда да болды. Бірақ бұл елдер 20 ғасырда халықаралық әдіске көшті. Ал Кореяда халықаралық және дәстүрлі жүйе қатар қолданылған. Адам корей дәстүрі бойынша өз жасын айтқан. Халықаралық жасты анықтау үшін 1 жасты алып тастап отырады. Заңгерлердің айтуынша, жаһандық нормалар енгізілгеннен кейін үлкен өзгерістер болмайды.
Ко Мин Сок, адвокат:
- Стандартты халықаралық жүйе сот және әкімшілік саласында бұрыннан қолданылып келеді. Яғни, мектепке бару жасы, зейнеткерлік жас дегендей. Бізде жасты есептеудің халықаралық жүйесі әлдеқашан қабылданған. Сондықтан өзгеріс тұрғындардың өміріне қатты әсер етпейді.
Заңнамадағы жаңалықтарды шетел университеттерінде оқитын немесе оқуға түсетін корей азаматтары сезінетін болады. Өйткені, бұл жағдайда оларға халықаралық жүйе бойынша жасын көрсету керек.
Юлия Чон, студент:
- Орыс достарым менің жасымды үнемі сұрайтын. Мен корей және паспорттағы жасымды айтамын. Жаңа жүйе үлкен өзгерістер әкелмейді. Адамдарға бұл жүйеге үйрену үшін уақыт керек. Ал екінші жағынан, ортақ ереженің жұмыс істеп жатқанына қуаныштымын.
Владислав Цой, тілші:
- Кореяда жас айырмашылығына байланысты дау-дамай болды. Коронавирусқа қарсы вакциналау кезінде жергілікті дәрігерлер 30 жасқа дейінгі адамдарға Astrazenekа препаратын қолдануды шектеді, бірақ жасты қандай жүйемен анықтайтынын көрсетпеді. 2004 жылы да сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақ арасында келіспеушілік болған. Ұжымдық шартта 56 жастан асқан қызметкерлердің жалақысын төмендетуге мүмкіндік беретін тармақ болды. Ал былтыр Жоғарғы сот адам жасын есептеуде халықаралық жүйеге сүйену керек деп шешті.
Ко Мин Сок, адвокат:
- 6 жасқа дейінгі балалар автобусқа тегін отырады. Әкімшілік бұл норманы халықаралық стандарт бойынша енгізді, бірақ бұл хабарламада көрсетілмеген. Кейбіреулер 6 жасқа толмаған бала үшін ақша төлейтін жағдай болды.
Владислав Цой, тілші:
- Дегенмен, кейбір жағдайларда жас санаудың ескі жүйесі сақталады. Адамға халықаралық стандарттар бойынша 19 жасқа толған жылдың 1 қаңтарынан бастап алкогольдік ішімдік ішуге немесе темекі шегуге рұқсат етіледі. Ер азаматтар 18 жасқа толған жылдың 1 қаңтарынан бастап әскерге бара алады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян