Өзбекстанда сайлаушылардың 33% дауыс берді. LIVE
Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр.
Дауыс берушілер тізімінде 19 млн 600 мыңға тарта азамат бар. Соның 33 проценті таңдауын жасады. Саяси науқан барысынан ақпарат тарату үшін, 1400 шетелдік журналист жиналды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бауырлас елдегі сайлауда таң сәріден белсенділік жоғары. Ала шапанды ағайын алдағы 7 жыл бойы мемлекет басшысы болатын тұлғаны таңдап жатыр. Кандидаттар тізімінде қазіргі президенттен бөлек, екі партия жетекшісі мен жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы бар. Бірі заңгер, бірі ағартушы, енді бірі эколог. Соның ішінде негізгі үміткер Шавкат Мирзиёевке келсек, ол өз мансабында сайлауға 3-ші рет қатысып отыр. Әуелгісі және кейінгісінде 80 және 90 процент дауыс жинап, президент боп сайланған.
Ләзиз Әбдіжаппаров, дауыс беруші:
- Сайлаудан көп үміт күтемін. Жұмыс орындары көп құрылса деген ниетім бар. Шетелдегі мигранттардың мәселесі шешімін тапса деймін.
Сайлау заңнамасына сай дауыс беруге қатысу көрсеткіші 33 проценттен асса, саяси науқан өтті деп саналады. Ал сағат 11.00-дегі дерек бойынша Өзбекстандағы 19 млн 414 мың адамның 6 миллион 463 мыңы таңдауын жасады. Бұл жалпы сайлаушылардың 33 процентін құрайды. Орталық сайлау комиссиясы науқанның негізгі қорытындысын ертең жариялайды.
Бахром Қошқаров, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Сайлау кодексі бойынша дауыс берушілердің 33 проценттен астамы таңдауын жасаса, науқанды өтті дей беруге болады. Бұл түске дейінгі көрсеткіш. Таңғы 8-ден процесс қызу жүріп жатыр. 18 жасқа толған азаматтарды әлі де сайлауға белсенді қатысуға шақырамыз.
Кезектен тыс сайлау таяуда өткен конституциялық референдумнан кейін қабылданды. Бас құжат өзгерген соң президент өкілеттілік мерзімін нөлге теңестіріп, қайта сайлауға түсу құқығын иеленген еді. Енді жаңа заң бойынша Шавкат Мирзиёев бұл жолы да жеңіске жетсе, 2030 жылға қарай тағы үміткер тімізінде бола алады. Сайлау әлі де жалғасып жатыр. Ел бойынша 10 мыңнан астам учаске жұмыс істеп тұр.