Өзбекстанда президенттік сайлау ресми түрде өтті деп жарияланды
Өйткені дауыс берген азаматтар саны тиісті межеден асып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Саяси науқан халықаралық байқаушылар назарында. Көрші елде қазір шетелдік 800-дей делегат жүр.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Бауырлас елдегі сайлауда таң сәріден белсенділік жоғары. Ала шапанды ағайын алдағы 7 жыл бойы мемлекет басшысы болатын тұлғаны таңдап жатыр. Кандидаттар тізімінде қазіргі президенттен бөлек, 2 партия жетекшісі мен жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы бар. Олар – Әбдішүкір Хамзаев, Ұлықбек Иноятов, Робохон Махмұдова. Негізгі үміткер Шавкат Мирзиёевке келсек, ол өз мансабында сайлауға 3-ші рет қатысып отыр. Әуелгісі және кейінгісінде 80 және 90% дауыс жинап, президент атанған. Бұл жолы да жеңіске жетсе, елді 2030 жылға дейін басқара алады. Кейін тағы бір мерзімге қалу құқығы бар.
Эмма Аслонова, Өзбекстанның Олий Мәжіліс депутаты:
- Халқымыз еркін өмір сүргісі келеді. Қалаған кәсіппен айналысып, кез келген жерде өзін қауіпсіз сезінуді ойлайды. Сондықтан сайлауға барынша белсенді қатысып жатыр. Еркіндік және ашықтықты қалайды.
Сайлау заңнамасына сай дауыс беруге қатысу көрсеткіші 33%-тен асса, саяси науқан өтті деп саналады. Ал сағат 13:00-дегі дерек бойынша 10 миллион 52 мың адам таңдауын жасады. Бұл – жалпы сайлаушылардың 52,16%-і.
Бахром Қошқаров, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Сайлау кодексі бойынша дауыс берушілердің 33%-тен астамы таңдауын жасаса, науқанды өтті дей беруге болады. Ал бізде қазіргі көрсеткіш 52%-тен жоғары. Демек сайлауды өтті деуге толық құқымыз бар. Таңғы 8-ден процесс қызу жүріп жатыр.
Кезектен тыс сайлау өткізуге таяуда өткен конституциялық референдумнан кейін жол ашылды. Онда өзгерістерді халықтың 90%-і қолдаған. Ең әуелі президенттің өкілеттілік мерзімі нөлге теңестірілді. Сондықтан қайта сайлауға түсіп отыр. Ол осы қызметін жалғастыратын болса, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге екпін жасайтынын айтты. Мәселен, мектептегі орындар санын 2030 жылға дейін 2,5 млн-ға арттырып, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді 4 мың долларға жеткіземіз деп сендірді.
Авторы: Рауан Мыңбаев.