АҚШ Қытайдың санкцияларды айналып өтуіне жол бермейді

АҚШ қытайлық компаниялардың санкцияларды айналып өтуіне жол бермейді.

Елдің қаржы министрі Джаннет Йеллен Қытайға жасаған 4 күндік жұмысын қорытындылап, осылай деп мәлімдеді. Қазір АҚШ пен Қытай бірқатар мәселе бойынша келіспейді. Дегенмен, осы сапар өзара байланысты жақсартуға сеп болатынына сенім білдірді. Тайвань мәселесі мен АҚШ-тың озық технологияларды экспорттауына тыйым салуынан кейін екі елдің қарым-қатынасы нашарлап кеткен еді. Қытай да қарап қалған жоқ. Таяуда барлау туралы заңын жаңартып, батыс компанияларын жаппай тексеруге кіріскен. Кейбір американдық фирмалардың кеңсесін жауып та тастады. Соған қарамастан Вашингтон ресми Бейжіңмен экономикалық байланыстарды қайта қалпына келтіруге қадамдар жасады. Өткен айда Мемлекеттік Хатшы Энтони Блинкен көп жылғы үзілістен кейін алғаш рет Қытайға сапарлады.

Джаннет Йеллен, АҚШ қаржы министрі:

- АҚШ пен Қытай арасында біраз келіспеушілік бар. Біз оларды ашық және тікедей айтуымыз керек. Бірақ президент Байден екеуміз АҚШ пен Қытай арасындағы байланысты ұлы державалар қақтығысы ретінде қарастырып отырған жоқпыз.