Әлемнің бірнеше аймағы табиғи апаттан зардап шегіп жатыр

Бүгін әлемнің бірнеше аймағы табиғи апаттан зардап шегіп жатыр.

АҚШ, Жапония, Абхазия, Үндістан мен Қытайды су басты. Бізбен көршілес елдер де күн күйіп тұр.

Өкініштісі, табиғи апат салдарынан адамдар бақилық болып жатыр.

АҚШ-та нөсердің зардабы орасан

Алапат тасқынға байланысты АҚШ-тың Нью-Йорк штатында төтенше жағдай жарияланды. Солтүстіктегі Ориндж округінде адамдар тізеден келетін су кешіп жүр. Ондаған үй мен бірнеше көлікке зақым келген. Инфрақұрылым бұзылып, күре жолдар су астында қалды. Ұлттық метеорология қызметі Ориндж, Патнэм және Рокленд округінің тұрғындарын алыс жолға шықпауға шақырды. Жағдай ушықса, барлық тұрғындар қауіпсіз жаққа көшіріледі.Қазір құтқару және қалпына келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр.         

Жапонияның оңтүстігіндегі ФукуОка префектурасында қатты нөсер құйып, соңы лай көшкініне ұласты. Салдарынан 1 адам ажал құшты. 70 жастағы әйелдің үйін лай көшкіні басып қалған. Тағы Сага аймағында 3 кісі із-түссіз жоғалып кеткен.  Билік мыңдаған тұрғынға қауіпсіз жаққа кету туралы ескертпе таратты. Жапонияның Жер министрлігі 8 өзеннің суы тасығанын айтады. Соңғы 3 күннің ішінде 500 миллиметрден астам жауын-шашын түскен. Ертең тағы 200 миллиметр жаңбыр жауады деген болжам бар.

Абхазия шипажайларын су басты

Абхазияның шипажайларын су басып, тас жолдар мен теміржолдарды шайып кетті. Осыған байланысты пойыздардың қозғалысы шектелді. Үйлерге де зақым келді. Аймақтағы бірнеше қонақ үй ресейлік туроператорларға турист шақырмауға өтініш жасады. Мамандар табиғи апат аумағынан 30-ға жуық туристі құтқарды.

Үндістанда нөсердің зардабы орасан

Үндістанның солтүстігінде жауын-шашын мен лай көшкінінен 22 адам көз жұмды. Әсіресе Химачал Прадеш, Уттарханд, Уттар Прадеш, Джамму-Кашмир және Панджаб штаттары қатты зардап шеккен. Су тасқыны үйлер мен көпірді бұзған. Адамдарды құтқаруға тікұшақтар тартылды. Мамандар соңғы бірнеше күнде айлық жауын-шашынның жүз пайыздан астам мөлшері түскенін айтады.

Ашутош Гарг, жергілікті билік өкілі:

- Қолайсыз ауа райынан туристер де зардап шегіп жатыр. Таңертеңнен бері 3 аумақта 60-тан астам турист құтқарылды. Олардың өміріне анық қауіп төнген. Оларды аман-есен алып шығуға 35 сағат кетті.

Қазақстанмен көршілес Қытайдың орталық бөлігін де нөсер жауып, тас жолды лай басып қалды. Салдарынан 1 тұрғын мерт болды. Тағы 7-уі хабар-ошарсыз кеткен. Ал Хубей провинциясында 6 кісі жараланған. Табиғи апат аймағында құтқарушылар қызу жұмыс істеп жатыр. Экскаваторлар жұмылдырылып, тазарттылуда. Жалпы Қытайда жаңбыр бірнеше аптадан бері жауып тұр. Өткен айда Сичуань провинциясында 23 адам қайтыс болды.

Қытайда аптап ыстық орнады

Ал осы Қытай елінің солтүстік-батыс, солтүстігі мен оңтүстігінде аптап ыстық боп тұр. Сынап бағанасы 40 градусқа дейін жеткен.  Метеорологтар қолайсыз ауа райы әлі 3 күн сақталады дейді. Бүгін Бейжіңде температура 39 градусқа дейін көтерілді.

Жалпы биылғы жыл ең ыстық жылға айналады. Бұл туралы ауа райын 20 жылдан бері зерттеп келе жатқан америкалық сарапшы былай дейді.

Ақш-та биыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл

Даниел Джонсон, Индиана университеті география факультетінің профессоры:

- Биылғы жылдың ең ыстық болатынының бір себебі - Эль-Ниньо құбылысы. Ол келесі жылы тіптен күшейеді. Жоғары рекордты температура 3-4 шілдеде тіркелуі мүмкін. Климат өзгерісі өте күрделеніп кетті. Ғаламдық жылынуға адамның өзі әсер етуде. Зиянды қалдықтар ауа қабатын ысытып жатыр. Бұл ыстыққа жеңіл қарауға болмайды.

Иә, сақтансаң сақтаймын деген. Мамандардың ақылына құлақ асып, аптап ыстықтан сақтану ережелерін ұстану керек. Олар "Суды көп ішкен дұрыс. Сыртқа шыққанда сақ болу керек" деген кеңестер береді.