Екатеринбургте «Иннопром-2023» көрмесінің бірінші күні аяқталды
Екатеринбургте «Иннопром-2023» халықаралық өнеркәсіп көрмесінің бірінші күні аяқталды.
35 елдің компаниялары өз өнімін ұсынды. Көрме «Тұрақты өндіріс: жаңару стратегиялары» атты тақырыппен өтіп жатыр. Биыл металл өңдеу, цифрлық өндіріс, көлік құрастыру сынды мәселелер қаралды. Іскерлік басқосуға біздің елден 900 делегат аттанды.
Әнел Еділқызы, тілші:
Қазақстандық павильонның жалпы ауданы 900 шаршы метрді алып жатыр. Мына тұрғанның бәрі өз өніміміз. Сөреге елімізде жасалған түрлі құрал-жабдық қойылды. Мәселен Индира Нұрлан жетекшілік ететін компания ауаны зиянды қалдықтан тазартатын сүзгі шығарады. Кәсіпорын Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан. 2019 жылы ашылған өндіріс орнында жасалатын сүзгілер зауыт-фабрикаларда кеңінен қолданылады. Сұраныс жоғары.
Көрменің басты мақсаты – өндірістік кооперацияны дамыту. Негізгі стратегиялық сессияда Премьер-Министр Әлихан Смайылов бүгінде бірлескен жобалар пулы 125-ке дейін көбейтілгенін атап өтті. Жалпы инвестиция көлемі 30 миллиард доллардан асады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Жалпы құны 3,2 млрд доллар болатын 30 жобаны жүзеге асырдық. Атап айтқанда, «Татнефть» компаниясымен шиналар, «Трансмашхолдингпен» электровоздар, «Евразкабельмен» кабельдік-өткізгіш өнімін шығару сияқты ірі жобалар бар. Сонымен қатар шамамен жалпы құны 16,6 млрд долларды құрайтын тағы 40 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 13,6 млрд долларға 55 жоба пысықталып жатыр.
Айтылған көп жобаның дені былтырғы иннопром көрмесінде пысықталған. Биыл да қазақстандық кәсіпкерлер елге олжалы оралмақ.
Екатеринбургтегі көрме осымен 13-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биыл 40 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Бағдарлама аясында 100-ден астам іс-шара өтпек.
Михаил Мишустин, Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы:
- Көрме - достық, стратегиялық әріптестік және одақтастық қағидаттарына негізделген. Біз маңызды салаларда бірлескен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Достас елдердегі әріптестерді осы көрмеде көргенімізге қуаныштымыз. Бүгінгі жиында Таяу Шығыс, Африка, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің компаниялары бар.
Иннопром көшпелі көрмесі қыркүйектің 25-і мен 27-і аралығында Астанада өтеді. Біздің елдегі бағдарлама үш күнге жоспарланған. Көрмеге халықаралық ірі компаниялар қатыспақ. Әлихан Смайылов бұл елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты ырысты ете түседі деді.
Авторлары: Анэль Едилькызы, Арман Акшабаев, Бахытбек Нуртаев