Халық саны бойынша Үндістан Қытайдан озды
Бүгін – дүниежүзі халқының күні.
Бұл мереке 1987 жылы 11 шілдеде әлемнің 5 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келгеннен бастап, ресми аталып өте бастады. Ал дәл қазір планетадағы халық саны 8 миллиардтан асты.
1950 жылдан бастап БҰҰ әлемдегі халық санағын жүргізе бастады. Осы уақыттан бері Қытай елі көшбасшы саналып келген еді. Көрші елде бүгінде 1 млрд 400 мыңға жуық адам тұрады. Алайда биыл Үндістан елі бала туу жағынан алға шықты. Қытай демографиясының әлсіреуіне бірнеше фактор әсер еткен. Кәрі құрлықтағы бала туу көрсеткішінің азаюы мәселесі бұл елді де айналып өтпеді. Орта есеппен әр үшінші әйел ғана құрсақ көтеруге бел буады. Бұған 1980-2016 жылдар аралығында іске асқан «Бір отбасына бір бала» саясаты тікелей себеп болған.
Йи Фусян, демограф:
- Материалдық деңгейде адамдар баланы өсіріп, жеткізе алмаймын деп қорқады. Себебі елде жұмыссыздық өскен. Бедеулік факторы да бар. Сәйкесінше Қытайдың экономикалық өсімі төмендей береді. Шамамен 2031-2035 жылдарға қарай Қытайдың демографиясы АҚШ-қа қарағанда нашарлайды. Болашақта зейнеткерлік жасын қазіргі 50 және 60 жастан 70 жасқа дейін өзгертуге тура келеді. БҰҰ мәліметтері бойынша, Қытай халқы осы ғасырдың соңына дейін 1 миллиард адамға азаяды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының талдауына сәйкес қазір Үндістанда бала туу көрсеткіші жоғары. Күніне 79 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Ұйымның халық саласындағы қорының есебі бойынша (UNFPA), бұл елде қазір 1,428 миллиард адам өмір сүреді, яғни бұл Қытайдағы халық санынан 0,01%-ке көп. Осылайша, Үндістан әлемдегі халық саны ең көп елге айналып отыр. Қазір сарапшылар ресми Нью-Дели Қытайдың қуатты экономикалық және саяси көшбасшы болудағы жетістігін қайталай ала ма деген сауалға жауап іздеуге көшті.
Сабир Синха, Африка және шығыстану мектебінің Оңтүстік Азияны дамыту жөніндегі маманы:
- Тұрғын үй инфрақұрылымы – Үндістанның экономикалық өсуінің қозғаушы күші. Сонымен қатар жоғары технологиялар, қысқа мерзімді стартаптар саласында бұл елдің мамандары жетістікке жетері сөзсіз. Алайда инновацияда Үндістан экономикасы артта қалды деп ойлаймын. 30 жасқа дейінгі жастар арасында жұмыссыздық мәселесі де ел экономикасын кері тарта бермек.
Африка халқының дені – жастар
Дәл осы сынды әлеуметтік, экономикалық мәселелер Африка елдерінде де өткір тұр. Алайда құрлықтағы халық саны жыл санап артып келеді. Сарапшылардың зерттеуінше, бұл континет халқы – жас. Шамамен африкалықтардың 70%-і – 30 жасқа толмағандар. Демек әлемнің көптеген дамыған елдерімен салыстырғанда, тез қартаю мәселесі Африканы аса толғандырмайды.
Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы.