Францияда әлеуметтік желілер қатаң қадағаланады

Еуропаның өзге елдері сияқты Францияда да биыл жаз соңында зорлық-зомбылықты насихаттайтын әлеуметтік желілер бұғатталады.

Жергілкті билік тәртіпсіздіктерге байланысты цифрлық кеңістікті бақылауды қатаңдатуды жоспарлап отыр. Бұған осы елдегі соңғы оқиғалар әсер еткен.

Әлеуметтік желілерде Франциядағы соңғы толқуларға қатысты адам шошырлық бейнежазбалар көбейді. Онда бүлік пен зорлық-зомбылық жөнінде жарияланып ғана қоймай, кейбіреулер өз жақтастарын тез жинау құралы ретінде пайдалану дерегі жиілеген. Тәртіпсіздіктер кезінде 3 адам қаза болып, мемлекетке 1 миллиард еуроға жуық шығын келді. Әлеуметтік желілердің ықпалы мен оған жастардың тартылуы қоғамда үрей туғызып отыр.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

- Соңғы күндердегі оқиғаларға әлеуметтік желілер мен түрлі платформалардың ықпалы зор болды. Біз олардың кейбіреуі алдын ала ұйымдастырылып, жастардың қатыгездікке еліктеуін байқадық. Бұл жеткіншектерді шынайы өмірден алшақтатып, бейнеойындардың ықпалымен заңсыз әрекеттерге баруға итермеледі.

Президент Макрон дағдарыс кезінде әлеуметтік желілерді өшіру туралы мәселе көтерді. Көп ұзамай барлық күдікті контенттер бұғатталатын болып шешілді. Еуропалық Одақта да тамыздың 25-інен бастап осындай ереже қолданыла бастайды. Франция бұдан бөлек жеке заң қабылдады. Құжаттың мақсаты - әлеуметтік желілердің қоғамға кері ықпалын шектеу. Күнделікті өмірде тыйым салынған әрекеттердің онлайн да жүзеге асырылуына жол бермеу көзделіп отыр.

Туан Бурра, Сенатор:

- Парламент жақында цифрлық кәмелетке толу жасын белгіледі. Ғаламторда жасөспірімнің ер жету кезеңі 15 жас деп көрсетілді. Бұл жеткіншектерді әлеуметтік желілердің жетегінде кетуден сақтайды. Ата-аналардың балаларын тиімді қадағалауға мүмкіндік береді.

Қазір Францияда 10-14 жас аралығындағы жеткіншекердің жартысы әлеуметтік желіні пайдаланады. Алайда баланың жас мөлшерін қадағалайтын тиімді жүйе әлі де жоқ. Сәйкесінше жасөпірімдердің шектеуді айналып өтуіне еш кедергі болмай келген. Депутаттар жаңа заң осы кемшіліктерді жойып, желідегі қауіпті контенттерді шектейді деп үміттенеді.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан