НАТО саммиті басталды
Вильнюсте НАТО саммиті басталды.
Литва астанасындағы бұл жиынға кімдер қатысып жатыр? Қаралып жатқан басты мәселе қандай?
Бұл НАТО-ның 2022 жылдың 25 ақпанынан бергі төртінші саммиті. Ең алғашқысы онлайн өткен еді. Одан кейін Брюссель мен Мадридте бас қосты. Вильнюсте қауіпсіздік барынша күшейтілді. Ең жоғары деңгейдегі сақтық шаралары енгізілген. Саммит қонақтары келген әуежай маңына "Патриот" әуе қорғаныс батареялары орналастырылды. НАТО-ға мүше 16 елден мыңға жуық қосымша әскер тартылған. Ядролық, химиялық, биологиялық шабуылдарға дейін қарсы құралдар қойылған.
Гитанас Науседа, Литва президенті:
"Мұндай қауіпсіздік шаралары қалыпты жағдай. Бізге 40 елдің көшбасшысы келді. Арасында АҚШ президенті Джо Байден мен НАТО-ға одақтас мемлекеттерінің басшылары бар. Сондықтан аспанды қорғаусыз қалдыру жауапсыздық болар еді".
Ел астанасы ғана емес, шекаралас аумақтар да қатаң күзетке алынды. Шекара әскерінің саны 3 есе көбейтілген. Мұның да өзіндік себебі бар.
Рустамас Любаевас, Литваның Мемлекеттік шекара күзет қызметінің қолбасшысы:
«Өте жоғары деңгейде қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілді. Әскери одақтастарымыздың келуі - өте маңызды жайт. Шекараларымыз арқылы заңсыз мигранттардың ағылу қаупін жоққа шығара алмаймыз. Үлкен топтап жасақталып, бізге қарай лап қоюы мүмкін".
Осы саммит аясында Түркия Швецияның НАТО-ға мүшелігін қолдауға келісті. Бұл туралы Әскери альянстың Бас хатшысы Йенс Столтенберг хабарлады. Ал швед билігі өз кезегінде Түркияда террористік деп танылған ұйымдарға көмек көрсетуді тоқтатады. Сондай-ақ, Стокгольм, Анкараның ЕуроОдаққа кіруіне қолдау көрсетпек. Естеріңізде болса, Швеция 2022 жылы НАТО-ға мүшелікке өтініш берген еді. Бірақ, Түркия бұған рұқсат бермей келді. Швецияның күрдтерді қолдауы және елде құранды өртеу оқиғалары жағдайды ушықтырып, келіссөздерге кедергі келтірген болатын.
Ульф Кристерссон, Швеция премьер-министрі:
"Мен өте қуаныштымын! Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, НАТОның Бас хатшысы Йенс Столтенберг, үшеуіміз қол алысып кеттік. Швеция үшін өте жақсы күн болды".
Реджеп Тайып Ердоған Швецияның НАТО-ға кіруіне келісім беру арқылы Түркия үшін Еуроодаққа жол ашылады деген болатын. Оның айтуынша, әскери блокқа мүше елдердің барлығы дерлік "кәрі құрлық" бірлестігінің құрамында. Тек Түркия ғана әлі күнге дейін кіре алмай келеді. Бірақ Еуроодақ өкілдері "бұл екеуі мүлде 2 мәселе" деп мәлімдеді.
Дана Спинант, Еурокомиссияның ресми өкілі:
"Иә, бұл 2 үдеріс қатар жүріп жатыр. Алайда НАТО-ның кеңеюі, оған жаңа мүшеледі қосу - басқа мәселе де, ЕуроОдақты кеңейту - бөлек мәселе. Оларды байланыстыруға болмайды".
Түркия демекші, осы саммит кезінде нақтыланған мәселенің бірі - АҚШ-тан Анкараға F-16 атқыш ұшақтарының берілетіні ашық айтылды.
Джейк Салливан, АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі:
"Президент Түркияға F-16 атқыш ұшақтарын беруді қолдайтынын анық жеткізген. Бұл біздің ұлттық мүддеміз. НАТО-ның да мүддесі осы. Ұшақтарды беру мәселесін жақында Конгресс талқылайды".
НАТО-ға мүше Канада одақтасы Литваға 2 миллиард 600 миллион доллар инвестиция мен 1200 сарбаз беретін болды. Қазір балтық жағалауы елінде Альянстың 1700 әскері аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүр.
31 мүшесі бар НАТО-ның бұл жолғы саммитіне ұйымға кірмейтін мемлекет басшылары да келді. Олардың қатарында Жапония мен Оңтүстік Корея бар.
Юн Сок Ель, Оңтүстік Корея президенті:
"Біз НАТО-мен әскери ақпаратты өзара бөлісу және киберқауіпсіздік бойынша ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Мен Оңтүстік Корея, Жапония, Австралия мен Жаңа Зеландия орналасқан Трант-Атлантика және Үнді-Тынық аймағындағы қауіпсіздікті ғаламдық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі ретінде қарастырамын. Сондықтан біз осы тұрғыда әріптестікті тереңдетуіміз керек".
Саммит ертең де жалғасады. Сәрсенбідегі күнтәртібінде әлемдік және аймақтық геосаясатқа қатысты басқа да мәселелер талқыланады.