АҚШ ЮНЕСКО құрамына қайта кірді
АҚШ қайтадан ЮНЕСКО құрамына кірді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мемлекет 2011 жылы мекемені қаржыландыруды тоқтатқан. Өйткені ұйым Палестинаны қабылдамақ болды. Алайда Вашингтон бұған қарсы болды. Сөйтіп 2018 жылы экс-президент Дональд Трамп тұсында америкалықтар ЮНЕСКО-дан шығып кетті. Алайда Джо Байден әкімшілігі басқа бағыт ұстанып отыр. Себебі Қытай бұрын ұйымда бірінші орында болған АҚШ-тың орнын баса ма деген күдік бар, - дейді сарапшылар. Сөйтіп, былтыр Конгресс мекемеге 500 миллион доллар жарна бөлу туралы шешімді мақұлдады. Қазір америкалықтардың ұйымның алдындағы қарызы 619 миллион доллардан асады.
Айта кеткен жөн, ЮНЕСКО – БҰҰ-ның арнайы мекемесі. Ол білім беру, ғылым және мәдениет сұрақтарымен айналысады.