Жапонияда технология саласында әйелдердің үлесі артады
Жапонияда жылдан жылға жұмыс күші азайып барады.
Бұл елде 2030 жылға қарай маман тапшылығы 800 мыңға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе технология саласында кадр жетіспей жатыр. Сондықтан бұл салаға қыз-келіншектерді тарту қажет болып тұр.
Бұл Жапонияның Токио технология университетінің үшінші курс студенті Юна Като. Ол бала кезінен технологияға, инженерия мен ғылымға құштар. Мансабы мен болашағын осы салада жалғастыруды көздейді. Бірақ бұл Жапонияда өте сирек кездесетін жағдай. Елде IT саласына әдетте әйелдер қызықпайды. Катоның айтуынша, бұл салаға көбінесе ер адамдар тартылады. Дегенмен қазіргі қоғамда қызметкер жынысына қарап таңдалмауы тиіс. Ең бастысы маман біліктілігі. Елге пайда әкелетін дүние жасау, қоғамға тиімді болу керек дейді ол. Като келешекте көлік немесе ұшақ құрастыратын мықты маман болуды армандайды.
Юна Като, студент:
- Мен инженер болғым келеді. Бұл салаға математиканы ұнатқандықтан келіп отырмын. Оқи келе көп нәрсе үйрендім. Ғылыми зерттеулер жасап, тың жобалар ұсынсам деймін. Елімнің дами түсуіне пайдам тисе мен үшін одан артық бақыт жоқ.
Жапония - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер арасында әйелдердің технология саласында жұмыс істеуіне қатысты тізімде соңғы орында. Себебі білім ордаларында машина жасау, өндіріс, құрылыс және IT салаларында оқитын студенттердің тек 16%-ы қыздар, яғни әр жетінші әйел ғана бұл бағытты таңдайды. Бір қызығы – жапондық оқушы қыздар әлемде математика бойынша тізімде екінші және жаратылыстану ғылымдары бойынша үшінші орында тұр.
Казуя Масу, Токио технология университетінің президенті:
- Жапонияда әйелдер ғылымға бейімделмеген, бұл салада тек ерлер жұмыс істейді деген түсінік қалыптасқан. Білім орындары әйелдердің инженерия мен IT факультеттеріне оқуға келуін ынталандыру керек. Бізге шұғыл қажетті шараларды қолға алу маңызды.
Келер жылдан бастап Токио технологиялық университетінде әйел студенттерге қосымша квота беріледі. Осы арқылы студент-қыздардың санын 13 пайыздан 30 процентке дейін көбейту жоспарда. Университет басшысы Казуя Масуның айтуынша, мұндай өзгеріс салаға жаңа леп әкеледі. Бұған қоса, Жапонияның “Митсубиши Хэйви” компаниясы инженерлердің кем дегенде 10 пайызы әйел болуы керек деген мақсат қойып отыр.
Минору Таниура, Mitsubishi Heavy компаниясының өкілі:
- Жапонияда еңбекке қабілеті бар адам саны азайды. Бұл туу көрсеткішінің төмендеуі мен қарт адамдардың көбеюімен байланысты. Барлық адамдардың күшін пайдалану керек. Бұл мәселе қазір өте өзекті.
Иә, қазір Жапонияда әйелдерді осы салаға ынталандыру стратегиялық шешім болып отыр. Себебі елде жұмыс күші күннен-күнге азайып келеді. Тіпті 2030 жылға қарай IT саласында 800 мыңға жуық маман тапшы болады деген болжам бар. "Ал бұл озық технология жағынан әлем елдерімен бәсекелестікті әлсіретеді", - дейді мамандар.
Авторы: Мақпал Сержақызы