Францияда блогерлердің қызметі реттелетін болды
Франция Еуропада алғашқы болып инфлюенсерлер мен блогерлердің қызметін реттейтін коммерциялық ықпал туралы заң қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір Бесінші республикада бұл салада 150 мың адам жұмыс істейді. Заң осы нарықтың құқықтық негізін бекітіп, жарнама қызметін реттейді. Жаңа ереже бойынша барлық жарнамалық ақпардың арнайы белгісі болуы керек. Коммерциялық мақсаттағы хирургия және эстетикалық медицинаны жарнамалауға болмайды. Материалдағы өңделген бейнежазбалар мен фотолар таңбалануға тиіс. Заң бұзғандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 300 мың еуро айыппұл төлеуі мүмкін. Нарықты Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық қызмет қадағалайды.
Амель Гакерр, сенатор:
- Біз заңға шетелде тұратын инфлюенсерлерге қатысты баптарды да енгіздік. Себебі олар біздің заңдарымызға бағынбағанымен, елімізге өнімдерін ұсынып отыр. Сондықтан мұндай тұлғалар оңтайландырылған әкімшілік процедуралар арқылы Францияда мемлекеттік органдармен байланыста болатын өкілдерін тағайындауы тиіс.