Өзбекстан президенті бірнеше әкімді қызметінен босатты
Өзбекстанда бірнеше әкім қызметінен қуылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елдің қайта сайланған президенті Шавкат Мирзиёев инвестиция мәселелері жөнінде өткен жиында 2 қаланың басшысы мен 10 аудан жетекшісін жұмыстан босатты. Тағы бірқатар ұлттық компания, оның ішінде «Өзбекстан темір жолдарының» басқарма төрағасы сырт елдерден инвестиция тартуға атүсті қарағаны әрі қаржыны уақытылы игермегені үшін қатаң жазаға ілікті. Қызметтен қуылған шенеуніктердің ісін енді есеп палатасы мен прокуратура тексереді.
Еске салайық, Шавкат Мирзиёевтің сайлауалды уәделерінің бірі елдегі жалпы ішкі өнімді 160 млрд долларға жеткізу еді. Сондай-ақ ол көлік шығару көрсеткішін жылына 1 млн-ға жеткізіп, мемлекетте жұмыс орындарын көбейтуді межелі мақсат еткен.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
- Шетелге барғанда банк өкілдерімен және кәсіпкерлермен қаншама қиындыққа тап болып отырмыз. Ірі жобаларды қолға алып жатқанымызбен, алайда менің өңірдегі өкілдерім ұйықтап қалғандай әсер қалдырады. Бар ісімізді жоққа шығарып жатыр. Сондықтан бірнеше шенеунікті қызметтен босату туралы шешім қабылдадым. Жұмыс істемей, бізге қиянат қылған адамды ешқашан кешірмеймін. Алдағы уақытта қызметіне салғырт қараған басқа да лауазым иелерін осындай жаза күтіп тұр.