Израиль дәрігерлері әлемге қауіп төндіріп тұрған дерт туралы алаңдайды
Ағзада энергия мен зат алмасудың дұрыс жүрмеуінен денсаулық сыр береді.
Мұны медицина тілінде метаболизмдік синдром деп атайды. Келешекте бұл қауіпті дертке айналуы мүмкін. Мамандар кеулеген індеттен арылудың жолы барын айтады.
Әдетте науқас өз бойында обырдың барын білгенде айықпас дертке шалдықтым деп ойлайды. Бірақ қазіргі медицина онкологиялық аурулармен күресте едәуір жетістікке жеткен. Қатерлі ісіктің көп түрін емдей алады. Ал израильдік мамандарды бұдан көрі әлемде миллиондаған жанға қауіп төндіріп тұрған метаболизмдік синдром мәселесі алаңдатады.
Юрий Ранков, медициналық орталықтың директоры:
- Бұл кесапат адам ағзасында липидтердің, яғни майға ұқсас органикалық заттардың алмасуының бүлінуіне әкеледі. Салдарынан инсульт, инфаркт, қант диабеті сынды аурулар пайда болады. Келешекте бұл қауіпті дерттердің көбеюіне әкелетін басты себептердің біріне айналуы да мүмкін.
Метаболизмдік синдром туғызатын басты жайт - салауатты өмір салтын ұстанбау. Кеңсе жұмысы, дұрыс тамақтанбау, семіздік, ішімдікке салыну, темекі шегу. Ағзада қауіпті процесті өршітетін негізгі факторлар осылар. Бірақ мұның бәрі баяу жүретін үдеріс болғандықтан адамдар аса мән бермейді.
Юрий Ранков, медициналық орталықтың директоры:
- Науқастар мұндай кеселден физикалық белсендіклікті арттырып, дұрыс тамақтану арқылы арылуға болатынын білгенде таңданысын жасырмайды. Яғни азаматтар осы бір екі мәселеге мән беріп, қауіпті арулардың алдын алуға болатынын білмейді. Мысалы, қарапайым адамдарға қарағанда мемлекеттік қызметкерлерде бұл синдром 25 пайызға көбірек кездеседі.
Қазір бұл мәселе әлем елдерінің бәрінде өзекті. Айталық, Еуропада 60 миллион азаматтың осындай дертке шалдығу қауіпі бар. Құрама Штаттарда бұл көрсеткіш 34 пайызға тең. Әсіресе, бұл ауру түрі жасы 55-тен асқан тұрғындар арасында жиі кездеседі. Ал Израильде қауіпті үдеріс біршама бәсеңдеп, 30-дан 26 пайызға төмендеген.
Дәурен Ақашұлы, Сергей Ауслендер