Еуропада ыстықтан өлім-жітім көбейеді
Аптап біз ғана емес әлемді қуырып барады.
Еуропа, АҚШ пен Қытайың да күннің ыстығына шыдайтын емес. Сарапшылар "кәрі құрлықта" қауіптің өте жоғары екенін айтады.
Тақауда танымал Nature Medicine журналында арнайы зерттеу жарияланды. Онда Еуропада аптап ыстыққа байланысты өлім-жітімнің көбейетіні ескертілген.
Еуропада күн әлі күйіп тұр. Жоғары температура жергілікті тұрғындарды естен тандырып жатыр. "Кәрі құрлыққа" былтырғы жаз да оңай тимеген еді. Өткен жылы 61 мың 672 адам ыстықтан көз жұмды. Басым бөлігі - әйел. Ең көп өлім-жітім Италия, Испания мен Германияда. Алдағы жылдарға жасалған болжам да көңіл көншітпейді. Зерттеушілер 2030 жылға қарай Еуропада аптап салдарынан 68 мың, ал 2050 жылға таман 120 мың адам ажал құшуы мүмкін деп ескертеді.
Ханнан Клоук, Рединг университетінің климаттанушы ғалымы:
- Еуропада былтыр да ыстық болған. Биыл да күн күйіп тұр. Енді жоғары температура алдағы уақытта да еш төмендемейді. Бұл қиындықтан құтылу үшін біз ауаға зиянды газ қалдықтарын бөлуді дереу тоқтатуымыз керек. Аптап ыстық - айтпай келіп, ажал құштыратын қауіп. Еуропаға ыстық леп Сахара жақтан келіп жатыр. Қазір бізде түннің өзінде ып-ыстық.
112 млн америкалыққа ыстық қауіп төндіріп тұр
Шілденің шіліңгірі АҚШ тұрғындарын да қыспаққа алған. Әсіресе елдің оңтүстік-батысында күн шыжып тұр. Ұлттық ауа-райы қызметі 112 миллион америкалықтың өміріне қауіп төнуі мүмкін деп қазірден дабыл қағуда.
Қытайда электр қуатына салмақ түсті
Қытайда аптап салдарынан электр өндірісіне үлкен күш түсті. Жарықты тұтыну рекордты деңгейге жеткен. Бұл ел әлемде ең көп көмір жағатын мемлекет. Мемлекеттік энергетикалық компания 1 күнде сағатына 4 миллиард киловат шығындағанын айтады. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған. Тығырыққа тірелген үкімет 2025 жылға қарай жел және күн энергиясын тұтыну деңгейін 2 есе көбейтуге бел буды. Күн ысыған сайын, тоқ беретін және салқындатқыш тауарларға сұраныс күрт артқан.
Латын Америкасындағы аптап
Ми қайнатқан ыстық латын америкалықтардың да мазасын қашырды. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметі бойынша, аймақтағы ауа температурасы соңғы 30 жыл ішінде әр онжылдық сайын 0,2 градусқа көтеріліп отырған. Аптап ыстықтың кесірінен Аргентина мен Парагвайда ормандағы өрт өршіп, қалған елдерді құрғақшылық жайлады.
Ең сорақысы, Анд тауларындағы қар мен мұздықтар қарқынды түрде еріп жатыр. Сарапшылар мұның соңы су тапшылығына әкеліп, миллиондаған адамның тіршілік етуіне қатер төнеді деп болжайды.
Ыстықтан ірі компанияларға зардап жоғары
Сарапшылар жекелеген адамдарды ғана емес, сондай-ақ әлемдік ірі компанияларды да аптап ыстықтан сақтануға шақырып жатыр. S&P Global Sustainable ұйымының зерттеуіне сүйенсек, 2050 жылға қарай жаһандық алпауыт кәсіпорындардың 90 пайызы аптап ыстық, орман өрті және су тапшылығы сияқты апаттардан орасан зор зиян шекпек. Сондықтан бизнес нысандары жоғары температураның теріс салдарына қазірден үлкен мән беруге тиіс. Мұның бірінші кезекте жұмыс күшін ұстауға, инфрақұрылым мен тауар тасымалына зардабы тиеді деп ескертеді мамандар.
Том Фриедерс, метеоролог:
- Күннің бұдан да қатты ыситыны сөзсіз. Біз ыстық климатта өмір сүріп үйренуіміз керек. Өйткені бұл ғаламдық құбылыс.
«Климаттанушылардың анықтауынша, қазір Жердің температурасы жыл өткен сайын жоғарлай түскен. Сондықтан соңғы кездері шартараптың әр бөлігінде болып жатқан аптап ыстық тек сол аймақтың ғана түйткілі емес. Күннің ерекше ысуы - бүкіл адамзатқа ортақ әлемдік мәселе», - дейді мамандар.