Францияда ескі киімін жөндеуге бергендерге ақшалай сыйақы төленеді
Францияда ескі киімі мен аяқ киімін жөндеуге берген тұрғындарға ақшалай сыйақы төленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның көлемі 7 мен 25 еуро аралығында. Тиісті ереже биыл қазаннан бастап күшіне енеді. Бұл экологиялық бастама болып отыр. Өйткені тоқыма өнеркәсібі қоршаған ортаны ең көп ластайтын саланың бірі саналады. Жергілікті тұрғындар жыл сайын 700 мың тонна киім-кешегін қоқысқа тастайды екен. Ережені қолдаушылар ол қоршаған ортаны ластауды азайтумен қатар жаңа жұмыс орындарының пайда болуына да өз септігін тигізуі тиіс дейді. Алайда бастамаға қарсы тарап Францияда сән индустриясының орны бөлек екенін алға тартады. Былтыр ел экономикасына одан 66 миллиард еуро пайда түскен.