Араб әмірліктерінде әлеуметтік желілер қатаң бақыланады
Елде таяуда ғана онлайн-платформалардағы ақпарат және онлайн жарнамаларды реттейтін заң қабылданды.
Әлеуметтік желіні реттейтін құжаттар әлемнің өркениетті, дамыған елдерінде бұрыннан бар. Біріккен Араб әмірлігі осыдан 2 жыл бұрын интернетте жалған ақпарат тарату жөніндегі заңды қайта қарап, әлеуметтік желіде «контент» жасаушыларға талапты күшейтті. Жалған ақпарат таратқандарға бұл елде 500 мың дирхамға дейін айыппұл салынады, тіпті 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Мәселен, бір апта бұрын өзге ұлт өкілі арабтардың ұлттық киімін киіп алып әлеуметтік желіге жарнамалық бейнеролик жүктеген. Бейәдеп, этикалық нормаларға сай келмейтін іс-әрекетімен елге репутациялық нұқсан келтірген блогер қамауға алынды. Бес жылдан бері Әмірліктерде заңгерлік қызмет көрсететін Айман Есқараеваның айтуынша, шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату, жала жабу, жеке бір тұлғаның атын атап рұқсатсыз ақпаратпен бөлісу араб мемлекетінде заңсыз әрекет саналады. Заңгер бұл әлеуметтік желілерді бұғаттау немесе адамдарды қудалау үшін емес, ең алдымен, адам құқықтарын қорғайтын заң екенін айтады.
Айман Есқараева, заңгерлік компания директоры:
- Бұл өте маңызды заң, 2021 жылы қаралған құжат. Біріккен Араб әмірліктерінің кибер кеңістіктегі тәртіпті қадағалайтын заңы бойынша елден депортациялаудан бастап өте үлкен жауапкершілік, жаза қарастырылған. Ақпаратты «сүзгіден өткізу», онлайн платформаларды қатаң қадағалау арқылы ғана ақпараттың шын, әлде жалғандығы реттеледі. Қазақстанда осы заңның қабылданғаны мені қуантып отыр. Өйткені әмірліктердің тәжірибесін көріп отырмын, бұл қоғамдық сананы, әрбір адамның жауапкершілігін өсіру үшін жасалған қадам.