Өзбекстан президентінің инаугурациясы өтті
Өзбекстан президенті ресми түрде қызметіне кірісті.
Ташкентте шетелдік дипломатия өкілдерінің қатысуымен мемлекеттің қайта сайланған басшысын ұлықтау рәсімі өтті. Шавкат Мирзиёев қолын қасиетті Құран мен Конституцияға қойып, ант берді.
Өзбекстан бүгін қайта сайланған президентін ұлықтады. Салтанат Парламент Сенатының үлкен мәжіліс залында өтті. Шавкат Мирзиёевтің ант беру рәсімі жергілікті телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Ұлықтау шарасына шетелдік дипломаттар да қатысты.
Ұлықтау рәсімінде Шавкат Мирзиёев бар күш-жігерін халықтың жағдайын жақсартуға жұмсап, Өзбекстанды тек бағбандар емес, білікті инженер әрі сауатты айти мамандар еліне айналдыратынын айтты.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
- Мен сіздермен бірге еш демалыссыз жұмыс істеуге даярмын. Бар энергиямды халқымның бейбіт өмір сүруіне әрі көздеген мақсатымызға жетуге жұмсаймын. Жаңа Өзбекстан және үшінші Ренессанс құру - өмірімнің ең негізгі мәніне айналды.
Шавкат Мирзиёев сайлауалды бағдарламасында елдің жалпы ішкі өнімін 2030 жылға дейін 160 млрд долларға жеткізуді уәде еткен. Қазір көрсеткіш 80 млрд шамасында. Өзбекстан көлік шығару саласын дамыту арқылы ел экономикасын еселеуге ниетті. Қазір бұл елде жылына 170 мың автомобиль шығарылса, 7 жылдан кейін бұл меже 1 млннан асуға тиіс.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
- Конституциямызда жазылғандай, Өзбекстанды әлеуметтік мемлекетке айналдырамыз. Бізде барлығына теңдей жағдай жасалады. Ұлтына, тіліне және діни көзқарасына қарай бөлу мүлде тыйылады. Біз үшін көздеген мақсатқа жету ісі енді жаңа қарқында жалғасады. Нағыз күш жұмылдыратын кезең алда.
Таяуда ғана өткен президент сайлауында халықтың 87 пайызы Шавкат Мирзиёевті қолдап, дауыс берді. Ол енді мемлекетті алдағы 7 жыл бойы басқарады. Мандатын кейін тағы бір мерзімге ұзартуға мүмкіндігі бар. Жаңа конституция бойынша бір адам екі мерзімге сайлана алады.
Рауан Мыңбаев