Ресейліктерді жасанды интеллект шошытты
Жасанды интелект тудырған мылтықсыз майданның бір жағында киноактерлер одағы, ал екінші жағында киноөндірушілер альянсы бар.
Кешегі түн ресми келісім-шарттардың соңғы мерзімі болған. 3 жылға жасалған контрактілер негізі 30 маусымда күшін жоюы керек еді. Бірақ тараптар келісіп, оның мерзімін 13 шілденің түніне дейін ұзартқан болатын. Соңғы келісім-шартта жасанды интеллект актерлердің жұмысына шектеу қоймайды деген кепілдік болған. Енді ол шарт та маңызынан айырылды.
Фрэн Дрешер, кино және радиоактерлер одағының президенті:
"Біз осы өлара кезеңге көңіліміз құлазыған күйде келіп отырмыз. Бірақ бізде басқа амал жоқ. Біз құрбанға айналып отырмыз. Бұрын тығыз жұмыс істескен адамдардың бізді керек қылмай отырғанына қатты қынжыламын. Продюсерлік компаниялар бізден сырт айналды. Олар біздің үнімізді естігісі келмейді".
Бірақ Кино өндірушілер альянсы кәсіподақтарға қомақты қаржысы бар ұсыныс бергенін айтады. Сондықтан олар барлық жауапкершілікті актерлердің өзінен сұрау керек дейді. Бұған дейін ондаған мың адам шеруге шықса, енді олардың қатарына 160 мың актер қосылуы мүмкін.
Мұның кесірі Лондондағы "Оппенгеймер" фильмінің премьерасына да тиді. Оған келген актерлер шеруге қатысу үшін ерте кетуге мәжбүр болған. Іс-шарадан Эмили Блант, Киллиан Мөрфи, Мэтт Дэймон, Флоренс Пью, Роберт Дауни кішісі және Кеннет Брана кетіп қалды.
Мэтт Дэймон, актер:
"Бізге шеруге бару керек болса, оған қатысу үшін кез келген жерден кетеміз. Біз келіссөз жүргізгіміз келеді, бірақ әзірге оған мүмкіндік бермей жатыр".
Кеннет Брана, актер, кинорежиссер:
"Біз әріптестерімізбен, достарымызбен біргеміз. Сындарлы сәтке келдік. Бұл келіспеушіліктер бүкіл салаға қауіп төндіріп тұр. Оны жою керек".
Виртуалды әлем ресейліктерді де шошытып отыр. Мұны Calltouch маркетинг тұғырнамасы жүргізген сауалнама қорытындысынан байқауға болады. Бұл ұйым 3 мың 100 ресей азаматынан бизнестің 20 жылдан кейінгі болашағын қалай көресіз деп сұраған. Олардың 28 пайызы "келіссөздер мен бизнес-презентацияларда адамдарды голограммалар алмастырады деп жауап берген. Сондай-ақ тірі спикерлердің орнын цифрлы аватарлар басады және жарнама толық онлайн форматқа көшеді деген қорқыныш та бар.
Жасанды интеллекті - қазір әлемде ең көп талқыланатын тақырыптың бірі. Жақында көршілес Қытайдың Шанхай қаласында осыған байланысты дүниежүзілік конференция өтті. Осы көрмеде GR-1 деген адам тәріздес робот таныстырылды. Ол биылдан бастап жаппай сатылымға шығатын әлемдегі алғашқы құлтемір. Жыл соңына дейін осындай 100 робот жасау жоспарланған.
Зен Кох, стартап құрылтайшысы:
"Алдағы уақытта GR-1 түрлі салада адамдарға көмегін тигізе алады деп үміттенеміз. Өйткені, отырып тұрады. Жүгіре алады. Мысалы, егде жастағы кісілерге көмекші болуға әбден жарайды".
Gartner зерттеу компаниясы 2026 жылға қарай әлемде 100 миллионнан астам адам жасанды интеллеті құралдарын пайдаланып, жұмыс істеуге көшеді деп болжайды. Жасанды ақыл көлік жасау, бұқаралық ақпарат құралдары, дизайн, медицина және энергетика салаларын көптеп қамтуы мүмкін. Мәселен, 2025 жылға қарай, жаңа дәрі-дәрмектің 30 пайызын жасанды интеллекті шығармақ. Сондай-ақ біз кеңінен тұтынатын ұялы қосымшалардың 15 пайызын енді адам жасамайды. Қарап отырсақ, жасанды интеллектінің адамзат үшін зияны да, пайдасы да көп. Тек оларды тұрмысты жақсартумен шебер ұштастыра білуіміз керек сияқты.