Грузияда жылжымайтын мүлік саудасы қызып тұр
Тіпті шетелдіктердің қызығушылығы артқан.
Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Шетелдіктерді, әсіресе, Тбилиси мен Батумидегі кешендер қызықтырады. Былтыр грузиндер өзге елдердің азаматтарына 15 мың пәтер сатқан. Бұл сатылған барлық жылжымайтын мүліктің бестен бір бөлігі.
Тұмса табиғат, теңіз жағалауы, жанға жайлы климат. Шетелде тұрғын үй сатып алуды көздейтін Қазақстандықтардың басты талабы осы. Бұл тұрғыда Грузияға сұраныс жоғары. Тіпті Қазақ елі осы елде үй сатып алу бойынша үздік 10 мемлекеттің қатарына кірді. Былтыр отандастарымыз Грузияда 290 пәтер сатып алған. Ал биыл жыл басталғалы олардың саны 100-ден асты.
Жанна Үскембаева, кәсіпкер:
- Мен Грузияға 4 жыл бұрын көшіп келгем. Тбилиси орталығынан қонақ үй сатып алғаныма 1 жылдай болды. Осы кәсіптің арқасында туризм саласын тереңірек түсіне бастадым. Енді жер алып, бизнесімді кеңейтсем деген ойым бар.
Бірақ Грузияда жылжымайтын мүлік сатып алғысы келетін шетелдіктердің бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Нарықтың қыр сырын білмей шығынға ұшырап жататын кездер де жиі болады. Осы салада 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Андрей Максаков бұл бизнесте әлі шешімін таппаған мәселе көп дейді.
Андрей Максаков, жылжымайтын мүлік саласы бойынша маман:
- Бұл салада көп кездесетін кедергінің бірі - құрылыстың ұзаққа созылып, нысанның дер кезінде берілмеуі. Кей кездері іргетасы қаланған тұрғын үйді салу бірнеше жылға созылып кетеді. Шетелдіктер мұндай жағдайға жиі тап болады. Осының кесірінен салық мөлшері артып, қиындық туындайды. Бұдан бөлек құрылыс компаниясының нысанның ішкі нобайын келіспей өзгертіп тапсыратын кездер де болады.
Мамандар шетелдіктердің алаяқтарға тап болып, қаржысынан айырылып қалмау үшін құжаттарды мұқият қарауға кеңес береді. Келісім орындалмаған жағдайда төленетін айыппұл көлемін нақты көрсетіп, құрылыстың аяқталу мерзімін айқын белгілеуді ұсынады. Сондай-ақ, компанияның осы салада көп жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқанына мән беру керек дейді.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили