Оңтүстік Кореяда жерасты өткелін су басу салдарынан 13 адам қаза тапты
Оңтүстік Кореяда толассыз жауған жаңбыр салдарынан қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар саны 48 адамға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Адамдардың көбі Осон қаласында көз жұмды. Шаһардағы жер асты туннелін су басқан.
Владислав Цой, тілші:
- Осон қаласындағы қайғылы оқиға 15 шілде күні таңғы сағат 8:40 шамасында болған. Михо өзені арнасынан асып кетті. Көпірдің жанындағы жағалаудың бір бөлігі опырылып, Гунпён жерасты өткелін су басқан. Бейнебақылау камераларынан алынған мәлімет бойынша, туннельде кемінде 15 көлік, соның ішінде 1 маршруттық автобус болған. Алғашқы сағаттарда құтқарушылар 9 адамды су құрсауынан алып шықты. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, туннельдегі су тасқыны кезінде қаза тапқандардың саны 13 адамға жетті.
Cо Чжон Иль, Чхонджу қаласының өрт сөндіру қызметінің басшысы:
- Біз қазір суды сорып шығарып жатырмыз. Бірақ туннельдегі лай-батпақ пен оған сырттан ағып келіп құйылған су іздестіру-құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп тұр.
Владислав Цой, тілші:
- Жерасты өткелінің ұзындығы – 430 метр, биіктігі – 4,5 метр. Оның 2 бір жақты жолағы болды. Су туннельді бірнеше минут ішінде толтырды. Құтқарушылар минутына 30 мың литр суды сорып алатын қуатты техника пайдаланды, бірақ құтқару жұмыстары басталған кезде туннельде су 2 есе көп болды. Қайтыс болған адамдардың туыстары бұл жағдайға билік кінәлі деп отыр. Өйткені жергілікті су тасқынын бақылау орталығы қайғылы оқиғадан 4 сағат бұрын провинциялар мен қала әкімшілігін су тасқынының жақындағаны туралы ескертті. 2 сағаттан кейін орталық тағы бір рет туннель тиесілі аудан әкімшілігіне адамдарды эвакуациялау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде кеңес берді. Бірақ билік бұған құлақ аспады. Жер асты өткелінде суды сору үшін 4 сорғы орнатылғанымен, электр жабдықтары жұмыс істемей қалды. Сондай-ақ опырылған жағалаудың сапасыз болғаны туралы куәгерлердің айғақтары бар.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореяда жыл сайын шілде бойы жаңбыр жауады. Бұл кезең Чанма деп аталады. Өкінішке қарай, осы кезеңде қайғылы оқиғалар болады. 4 жыл бұрын үкімет жерасты жолдарын су астында қалдырмаудың алдын алу және жою жоспарын әзірлеп қойған болатын, бірақ бұл жолы Гунпен туннелінде жоспар орындалмады.