Францияда жаппай тәртіпсіздіктің салдарын жою жұмысы басталды

Парламентте жақын арада қираған ғимараттарды қалпына келтіру ісін қаржыландыруды жеделдетуге мүмкіндік беретін заң жобасы қаралмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 күнге созылған бүлік кезінде бұзақылар 2,5 мың ғимаратты өртеп, зақым келтірген. Олардың арасында мектептер, әкімшіліктер, кітапханалар, полиция учаскелері мен әлеуметтік нысандар бар. Елде тәртіп орнату үшін сақшылар тартылып, шеру өткізуге уақытша тыйым салынды. Сенат арнайы тергеу жүргізетінін мәлімдеді.

Жеральд Дарманан, Францияның Ішкі істер министрі:

- Бүлікшілерді басу үшін қосымша күш тартылып, біраз адам қамауға алынды. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 8 мыңнан 12 мыңға дейін бұзақылар ұсталды. Көшеге жүздеген мың адам шықты деп айта алмаймыз. Ғимараттар қатты қирап, адам шошытарлық бейнежазбалар тарап, 800 полицей жарақат алса да, адам өміріне қауіп төнген жоқ.

 

Естеріңізге сала кетейік, маусым айының аяғында 17 жастағы Наель есімді жігіт полицияның қолынан қаза тапқаннан кейін елде жаппай бүлік басталған болатын. 12 мың көлік отқа оранып, ондаған дүкен тоналды. Қамауға алынғандардың 30%-і – жасы кәмелекет толмаған жеткіншектер. Президент Макрон ата-аналарды балаларына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Отқа оранған көлікті сөндіріп жатқан 1 өрт сөндіруші және тоналған дүкендердің шатырынан 2 жігіт құлап, мерт болды.