АҚШ-та полиция қолынан қаза тапқандар саны артты
АҚШ-та былтыр полиция қолынан ең көп адам ажал құшты.
Дәлірек айтқанда, 1176 америкалық тәртіп сақшыларының қолынан қаза тапқан. Зерттеу нәтижесі олардың әртүрлі жағдайда өлім құшқанын көрсетіп отыр. Жағдай неге бұлайша, ушығып кетті? Мәселе қалай шешілмек?
Сұмдық мәліметті «Washington Post» газеті жариялады. Басылым Mapping Police Violence ұйымының зерттеуіне сүйенген. Бұл қазақшаға аударғанда «Полицияның зорлық-зомбылығын тізімдеу» деген мағынаны береді.
«Осы Mapping Police Violence-тің мәліметі бойынша, былтыр полицейлердің қолынан 1176 америкалық ажал құшқан. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. Алдыңғы жылы құрбандар саны 31 адамға аз болған».
Жалпы АҚШ-та 18 мыңнан астам полиция департаменті бар. Олар жергілікті және федералдық басқару деңгейінде әртүрлі заңнама бойынша әрекет етеді. Мәселен, 9 штатта тәртіп сақшыларының оқ ататын қару қолдануын реттейтін ешқандай ереже жоқ екен. Яғни, полицейлер көп жағдайда ай-шайға қарамай оқ ата салады.
«Зерттеу нәтижесі былтыр полиция қолынан азаматтардың тұрмыстық жанжал, жол-көлік оқиғалары, жеке бас мәліметін анықтау, қару ұстау жағдайларында құрбан болғанын көрсетті. Тіпті құқықбұзушылық тіркелмеген кездерде де полиция оқ атқан».
АҚШ-та полиция саласын реформалау ұсынысы үнемі айтылып келеді. Бұл қатарға офицерлерді қайта даярлықтан өткізу және нәсілшілдіктің жолын кесу талабын жатқызуға болады. Былтыр оққа ұшқандардың 30%-і – афроамерикалықтар. Ал афроамерикалықтардың үлес салмағы АҚШ халқының 14%-іне де жетпейді. Бірақ әзірге бұл мәселелер қоғамдық талқылаудан әрі аспай тұр.
Авторы: Ернат Мелсұлы.