Грекияда орман өртінен мыңдаған адам эвакуацияланды
Грекия астанасы Афинаға жақын жердегі орман өртке оранып, мыңдаған адам эвакуацияланды.
Жалын шаһардан 30 шақырымдай жерде Неос-Куварас елді мекеннің маңындағы алқапты шарпыған. Табиғат апатына байланысты жергілікті тұрғындар мен Лутраки курортындағы лагерьден 1 мыңнан аса бала қауіпсіз жерге көшірілді. Ақпараттарға сүйенсек, өрт орманға қасақана қойылған. Қазір тілсіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші күресіп жатыр. Әскерилер жұмылдырылып, ұшақтар қолданылуда. Бірақ мамандар өртті сөндіруге жел кедергі келтіріп тұр дейді.
Иоаннис Артопиос, Грекия өрт сөндіру қызметінің өкілі:
- Қазір бұл ауданда қатты жел соғып тұр. Өңір таулы болғандықтан, желдің екпіні өрт сөндіруші ұшақтардың ұшуына кедергі туғызып отыр. Осының кесірінен арнайы әуе көліктері орманның қатты лаулап жатқан тұстарына жақындай алмай жатыр.
Испания, Ла-Пальма аралындағы орман өрті ауыздықталды
Ал Испанияда өрт сөндірушілер Ла-Пальма аралындағы орман өртінің көп бөлігін сөндірді. Оған күннің салқындауы септескен. Қазір мамандар жалынның шағын ошақтарын өшіруге күш салып жатыр. Ла-Пальма аралындағы өрт өткен сенбі күні басталды. Табиғат апатына байланысты 4 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды.