Әлемде орман өрті тағы жиіледі

Аптап ыстықтан Еуропаның бірнеше елінде алқаптар лаулап жатыр. 

Грекия астанасына жақын жерде орман өртке оранып, мыңдаған адам эвакуацияланды. Канада да жағдай ушығып барады. Табиғат апатымен күреске мыңдаған өрт сөндіруші жұмылдырылған.

Грекия астанасы Афинаға жақын жердегі орман өртке оранып, мыңдаған адам эвакуацияланды. Жалын шаһардан 30 шақырымдай жерде Неос-Куварас елді мекеннің маңындағы алқапты шарпыған. Табиғат апатына байланысты жергілікті тұрғындар мен Лутраки курортындағы лагерьден 1 мыңнан аса бала қауіпсіз жерге көшірілді. Алдын ала болжам бойынша өрт орманға қасақана қойылған. Қазір тілсіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші күресіп жатыр. Әскерилер жұмылдырылып, тікұшақтар қолданылуда. Бірақ мамандар өртті сөндіруге жел кедергі келтіріп тұр дейді. 

Испания, Ла-Пальмада орман өртімен күрес жалғасып жатыр

Испанияның Ла-Пальма аралында да өткен сенбі күні басталған орман өрті әлі күнге дейін толық сөндірілген жоқ. Лаулаған жалын 50 мың гектар жерді күлге айналдырып үлгерді. Ондаған үй жанып кетті. Өрт сөндірушілер аралдағы орман өртінің басым бөлігін сөндірген. Қазір жалынның шағын ошақтарын өшіруге күш салынып жатыр. Табиғат апатына байланысты 4 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Канадада өрт өршіп тұр  

Канадада да орман өрті басылмай тұр. Әсіресе Британиялық Колумбия провинциясында жағдай нашар. Аймақта қазір 400-ге жуық алқапты өрт шарпыған. Жыл басталғалы лаулаған жалын өңірде 1 миллион 200 мың гектар жерді тып типыл етті. Тілсіз жаумен 2 мың өрт сөндіруші күресіп жатыр. Соңғы бірнеше күнде 2 өрт сөндіруші қаза болды. АҚШ, Мексика, Оңтүстік Корея, Австралия, Франция және Жаңа Зеландия жәрдемге жүздеген маманын аттандырған. Канада биыл ең ауқымды орман өрттерін бастап кешіп жатыр. Жыл басталғалы елде 10 миллион гектар жер күлге айналған. Бұл Ирландия және Бельгия аумағымен бірдей жер. 

АҚШ, Калифорния аптап ыстықтан ормандар өртене бастады

АҚШ-тың Калифорния штатында да апатап ыстықтан ормандар өртене бастады. Аймақтың бірнеше округінде алқаптарды өрт шарпыған. Тілсіз жаумен күреске жүздеген маман жұмылдырылған. АҚШ метеорологиялық қызметі Невада мен Юта штатында да күн қатты ысып, орман өрті қауіпі күшейгенін айтады. Қос аймақта алдағы күндері сынап бағанасы 45 градусқа дейін көтеріледі деген болжам бар. 

Авторы: Дәурен Ақашұлы