БҰҰ Қызыл теңізде экологиялық апаттың алдын алу қимылын бастады
Йемен жағалауында 8 жыл бойы қайырға отырып қалған алып танкер тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған 1 миллион 100 мың баррель мұнай тиелген. Жалпы 3 миллион баррель сыятын Сейфер танкері Йемен үкіметінің тапсырысымен 1976 жылы Жапонияда салынған болатын. 1988 жылдан бері оны қойма ретінде пайдалана бастады. Алайда 2014 жылы Йеменде азамат соғысы басталғаннан кейін оған ешкім қарамай, тиісті техникалық тексеріс өткізген жоқ. Егер одан мұнай теңізге ағылса, бұл алапат апатқа әкеледі. Қызыл теңіздегі бүкіл балық қырылады. Жүздеген мың балықшы табыссыз қалады. Мұны болдырмас үшін БҰҰ 129 миллион доллар қаражат жинады. Танкер сатып алып, мамандарды жалдады. Олар мұнайды өзге танкерге тиейді. Бұған бірнеше аптадай уақыт кетеді.