Британия мигранттарды ел ішіне кіргізбеудің амалын тапты

Ұлыбританияда баспана сұраған келімсектерді баржалар мен бос тұрған әскери нысандарда орналастыратын болды.

Елдің ішкі істер министрлігі осындай алғаш кемені көрсетті. Оның ішінде 500 ер адам тұра алады. Премьер-министр Риши Сунак заңсыз миграцияға қарсы күресті өз саясатының басты мақсаттарының бірі ретінде жариялаған. Үкімет Ла-Манш бұғазы арқылы қайықтармен келетін босқындарды елге кіргізбеуді көздеп отыр.

Роберт Дженрик, Ұлыбританияның иммиграция министрі:

- Бұл қонақүйлерге орналастыруға қарағанда үнемді. Мигранттарды қымбат мейманханаларға жайғастыру дұрыс емес деп санаймыз. Бұл салық төлеушілерге қымбатқа түсіп отыр. Сондай-ақ туристерге арналған нысандарды тартып алу, кәсіпті дамытуға кедергі келтіреді. Алғашқы баржа мен бос тұрған әскери нысандарды дайындадық.  Алдағы айларда олардың саны артады.   

148 мигрант жүк көлігімен шекара аспақ болған

Ал Мексикада полиция жол бойында тұрған жүк көлігінен 148 мигрантты анықтады. Олардың көбісі Орталық Америкадағы мемлекеттердің азаматтары. Арасында туыстарынсыз өз бетімен жүрген 23 бала мен жасөспірім бар. Сальвадор, Гондурас, Никарагуа және өңірдегі өзге елдердің мыңдаған тұрғыны Мексика арқылы АҚШ-қа жетуге тырысады. Мигранттарды заңсыз тасымалдау қылмыстық топтар үшін көп пайда әкелетін кәсіпке айналған. Тек өткен аптада Веракрус деп аталатын бір қалада 600-ден аса босқын құтқарылды.