Түркістандық кәсіпкерлер Өзбекстанның Жызақ облысында болды

Өңірдің тоқыма кластерін аралап, өндірістік қуатымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – аймақаралық серіктестікті нығайтып, тәжірибе алмасу.

Өзбекстанның Жызақ облысы негізінен мақта шаруашылығымен айналысады. Онысын шикізат күйінде емес, дайын өнімге айналдырып, шетелге экспорттайды. Кәсіпкерлер мемлекеттен қомақты несие алып, бизнес бастап отыр. Пайыздық мөлшерлемесі көп болса да, ісмерлер еш тартынған емес.

Баходір Зұлфиқаров, Жызақ облысы әкімінің орынбасары:

- Бізде мемлекет кәсіп бастауға 10 млн сомға дейін субсидия береді. Ал несие сомасы 33 млнға жетеді. Мөлшерлемесі 14%-ке тең. 17 жыл мерзімге. Кепілге мүлік қоюдың қажеті жоқ. Қазір қаламызда 2 мың бизнес субъекті осындай мүмкіндікті пайдаланып, кәсіпкерлік бағытта жұмыс істеп тұр.

Түркістандық шаруаларда мақта егу тәжірибесі жеткілікті. Енді тек киім-кешек немесе тұрмыстық керек-жарақ шығаратын өндірісті көбейту міндеті тұр. Бізде тоқыма секторында кәсіп ашуға берілетін несие шарттары әлдеқайда тиімдірек, - дейді отандастарымыз.

Мұхтар Төрегелді, Жетісай ауданындағы мақта өңдеу зауытының басшысы:

- Өте үлкен жұмыстар жасап жатыр екен. Жерді өңдеу, мақта шығару. Одан сапалы талшық жасау. Бояп, дайындап, киім шығарып, Еуропаға сатып жатқан жағдайы бар. Үлкен нәтиже береді деген ойдамыз. Мемлекет деңгейінде жеңілдік жасалатын шығар. Енді тек жұмыс істеу керек.

Қос мемлекеттің өңірлері арасындағы серіктестік тәжірибе алмасуды ғана көздемейді. Бұған дейін өзбекстандық кәсіпкерлер Түркістан мен Шымкентте болып, инвестициялық ахуалмен танысқан. Ендігі кезек көршімізде. Мұнда бірлескен кәсіпорын ашуға ниеттілер көп.

Бағлан Жұмашбеков, «Түркістан-Инвест» өңірлік фронт-кеңсесі басшысының міндетін атқарушы:

- Біздің 50 кәсіпкеріміз бірден бастап кететін деген сөз емес. Өткен жолы Қытайға барып қайтқан едік. Бүгін енді Өзбекстанда. Қытайға 50 кәсіпкеріміз барды. Бір-екеуі бизнес бастаса да, ол бізге үлкен мүмкіндік береді. Алдағы уақытта біртіндеп бастайды. Бір-бірімізден үйренеріміз көп.

Түркістан алдағы жылдары экономикалық әлеуетін барынша арттыруды көздеп отыр. Ол үшін қаржылық қолдау бар. Кадрлық әлеует те жетерлік. Сондықтан отандық мамандар көршілес елдерді аралап, қай салада қаншалықты әлеует барын бағамдап жүр. Тәжірибе алмасу кезінде түрлі бизнес бастамалар да туындайды. Оның бір парасы жақын арада қазақ-өзбек шекарасында құрылатын өндірістік кооперация орталығында жүзеге асуы мүмкін.

Авторы: Рауан Мыңбаев.