Ауғанстанда толассыз жауыннан 41 адам қаза тапты
Ауғанстанда бірнеше күн бойы жауған жаңбыр мен су тасқыны кезінде қаза болған адамдардың саны қырықтан асты.
Тағы 71 тұрғын жарақат алып, ондаған тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті. Табиғат апатынан елдің оңтүстік-шығысындағы Вардак аймағы қатты зардап шекті. Көп мекенді су басып жатыр. Кабул өңірінде де су тасып, жүздеген үйді шайып кетті. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, апат болған аудандардың инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығына көп шығын келген.
Хамидулла, жергілікті тұрғын:
-Су түннің бір уағында аяқ астынан тасыды. Екпіні қатты болғаны сонша, бау-бақшам мен азық-түлік сақтайтын қоймамды түгел шайып кетті. Мен секілді көп адам мал-мүлкінен айырылды.