Түркияда орман өрті өршіп барады

Түркияның Маниса мен Қахраманмараш провинцияларында орман өрті шықты.

Өрт сөндірушілер екі жақтағы тілсіз жаумен арпалысқан тұсында тағы бір өрт хабары Анталиядан келіп жетті. Анталияның Каш ауданындағы қамыс алқабынан және Кемер ауданындағы орман алқабынан жалын көтерілді. Кахраманмараштағы орман өрті 17 сағаттық жұмыстан кейін бақылауға алынып, сөндірілді. Өкінішке орай шамамен 100 гектар жер күлге айналды. Манисада болса, ормандық алқапта басталған өртке байланысты айналасындағы бірнеше елді- мекен тұрғындары көшірілді. Анталияның курорттық жері Кемерде күні кеше кешке шыққан алауды алауыздықтау мүмкін болмай тұр. Елдің мәдениет және туризм министрінің мәліметінше, өңірде Кемер мемлекеттік ауруханасы мен ормандық алқапқа жақын орналасқан үйлер қауіпсіз мекенге көшірілген. Қазірше туристтік жерлерге қауіп жоқ. Үш өртке не себепті шыққан белгісіз. Тергеу амалдары басталды.

Мехмет Нури Ерсой, Түркияның Мәдениет және туризм министрі:

- Кеше түнде сағат 21.08 шамасында Анталияның Кемер Дегирмендере төңірегінде, зират айналасында орман өрті басталды. Түнде ауа-райының қараңғы болуына байланысты әуеден өрт сөндіру жұмыстарын жасау мүмкін болмады. Өрт түнде 100 гектарға жуық аумақты шарпыған. Таңертеңге дейін тағы 20 гектар қосылып, 120 гектарда жеткен. Таң атқаннан кейін біздің Орман шаруашылығының бас басқармасы, әкімдік және өрт сөндіру бөлімшелерімен әуеден күресі басталды. Түнде өртке оранған аумақ қоршауға алынды. Бұл жер ұлттық саябақтың шекарасында болғандықтан, оған жету қиын, сондықтан орманда жол мүмкіндігі шектеулі. Қазіргі уақытта 1050 адам, 200-ден астам техника, 10 ұшақ және 22 тікұшақпен күрес жалғасуда.