Израильде даулы реформа мақұлданды
Израильде жаппай ереуілдерге қарамастан, даулы реформа мақұлданды.
Парламент депутаттарының жартысынан көбі Жоғарғы соттың өкілеттігін шектейтін заң жобасын қолдап дауыс берді. Премьер-министр бұл «демократияға бет беру» десе, наразы топ керісінше демократия аяққа тапталып жатқанын айтады. Шартарап айдарында әріптесім Жұлдыз Атагельдиева жалғастырсын.
Израиль төтенше жағдайдың аз-ақ алдында тұр. Президент елдегі ахуалды осылай сипаттауда. Өйткені жаппай ереуілдер басылар емес. Наразы топқа елдегі ең ірі 100 бизнес өкілдері де қосылды. Салдарынан кейбір банктер, сауда орталықтары мен жанармай құю бекеттері жұмысын тоқтатты. Митинг соңы тәртіпсіздіктерге ұласып, ондаған адам қамауға алынды.
Сот рефомасына қарсы жаппай ереуілдердің басылмай тұрғанына осымен жарты жыл болды. Әр жексенбі сайын мыңдаған адам Тель-Авивтегі бас көшелермен жүріп өтетін. Бірақ әсіресе наурыздың аяғында жағдай тіптен ушығып кеткен. Ол кезде Премьер-министр елдің қорғаныс министрін қызметінен босатқан. Өйткені ведомство басшысы даулы заң жобасы ұлттық қауіпсіздікке қатер тудыратынын айтқан. Бұл биліктің бастамасымен онсыз да келіспейтін тұрғындардың титығына әбден тиді. Ахуал ушығып кеткеннен кейін үкімет басшысы реформа бойынша дауыс беруді кейінге қалдырған. Алайда араға бірнеше ай салып, құжат қайтадан парламенттің қарауына жіберіліп, депутаттардың көбі оны мақұлдады.
Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-Министрі:
- Біз наразы топпен барлық сұрақтарды талқылауға дайынбыз. Керек десеңіздер, келіссөздерді қарашаның соңына дейін ұзартайық. Бұл уақыт тараптардың бір мәмілеге келуі үшін жететін шығар. Тағы да қайталап өтемін - судьяларды ешкім өкілдігінен айырмайды. Бүгін демократияға қарай кезекті бет бұру жасалды.
Оппозицияның уәжі көп
Израильде 1948-жылдан бері конституция жоқ. Ата заңның рөлін жоғарғы сот атқарады. Премьер-министрдің айтуынша, кейінгі жылдары билік тармақтары осы ораганның қолына шоғырларғанып барады. Соның салдарынан үкімет тиімді жұмыс істей алмай отыр. Өйккені үнемі судьялармен арада келіспеушіліктер туындайтын көрінеді. Сол себепті заң жобасы Жоғарғы соттың өкілеттігін шектеуді көздейді. Сонда парламентарийлер дауыс беру арқылы кез келген заңды қабылдап, оның күшін жоя алады. Алайда бұған қарсы тараптың айтар өз уәжі бар. Олар өзгертулер демократияны шектеп, жемқорлыққа жол береді дейді. Сондықтан даулы реформа талқыға салынғанда оппозиция өкілдері дауыс беруден қалыс қалып, наразылық ретінде залдан кетіп қалған.
Яир Лапид, оппозиция жетекшісі:
- Мына үкіметпен демократияны қорғау бойынша бір мәмілеге келу мүмкін емес. Бірақ біз алған бетімізден қайтпаймыз. Өйткені билік басындағылар Израильдің қауіпсіздігіне, халық тұтастығы мен халықаралық қарым-қатынастарға қатер тудырып отыр.
Еврей еліндегі ахуалдың ушығуына өзге елдер де алаңдаулы. Германияның сыртқы ітер министирлігі тараптарды диалогқа шақыруда. Америкалықтар да Израильдің үкімет басшысын оппозицимен бір келісімге келуге үндеп отыр.
Карин Жан-Пьер, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:
- Америкалықтар Израильді достас мемлекет санайды. Сондықан біз елдегі жағдайға алаңдап отырмыз. Екі жақ келіссөздер жүргізуді әлі де жалғастыратынын түсініп отырмыз. Бұл ретте ең бастысы демократиялық құндылықтар екенін ұмытпауды тағы да еске саламыз.
Реформаға қарсы тарап заң жобасын бұғаттауға тырысатындарын айтады. Оппоизцияны әскерилер де қолдап отыр. Резервтегі мыңдаған жауынгер өз қызметін атққарудан бас тартатынын жеткізді. Сарапшылар мұның бәрі Израильдің әскери даярлық жағдайына қатысты алаңдаушылық тударатынын айтады. Бизнес өкілдері де реформаға қарсы. Олар үкіметтегілер заң жобасының күшін жоймаса, салық төлеуді тоқтатамыз дейді. Сондықтан сарапшылар тараптар арасындағы келіссөздерге үлкен үміт артып отыр.