Түркияның Адана провинциясында 2 рет жер сілкінді
Түркияның Адана провинциясы Козан ауданында бүгін 5,5 және 4,4 баллдық қос жер сілкінісі болды.
Табиғаттың тосын мінезінен 8 кісі балконнан секіріп кеткен. Оның екеуі Аданадан болса, алтауы Османиеден. Қазір олар ауруханаға жеткізілді. Жергілікті әкімшіліктің мәліметінше, зілзала кезінде опат болғандар жоқ. Ешбір ғимарат бүлінбеген. Дегенмен, жер сілкінісінен сынған жартас бөлшектері қалааралық жолдарды бөгеп, салдарынан онда көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Аданада, ақпан айында да жер сілкінісі болды.
Фатих Чағатай Баз, жергілікті тұрғын:
- Бүгінгі жер сілкінісінің бір жұбанышы адам өміріне қауіп төнген жоқ. Өйткені, Қахраманмарашта болған зілзаладан қатты зардап шеккен жұрттың үрейі әлі басылған жоқ. Қаншалықты тәжірибелі десек те мұндай кезде тұрғындардың не жасайтыны белгісіз. Бірнеше кісі қорыққаннан секіріп кеткен. Дегенмен, денсаулықтары бір қалыпты. Жергілікті әкімшілік пен тиісті органдармен бірге әрекет ету ең маңыздысы.