Түркияда он күнде 200-ден аса орман өрті тіркелді
Жер көлемінің 30 пайызын орманды алқап алып жатқан Түркия үшін тілсіз жаумен күрес қашан да өзекті.
Әсіресе жазда қиын. 2021 жылы 8 кісі ажал құшып, 150 мыңнан астам аумақты өрт жалмағаннан кейін мамыр- қазан айларында орманға кіруге тыйым салынды. Өрт сөндіру бойынша оқу жаттығулар жиіледі. Тұрғындар мен шаруаларға да қауіпсіздік ережесін сақтау талабы күшейді.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Былтыр 1- 24 шілде аралығында 265 орман өрті шықса, биыл бірдей маусымында 358 орман өрті орын алды. Измирдегі орман өртінде орман қызметкері Мустафа Гүлпінар көз жұмды. Жақындарына көңіл айтамын. Бұрынғы орман өрттерінің бірқатары табиғи жағдайға байланысты, бірқатар лаңкестік әрекет немесе абайсызда шыққан болатын. Биыл да әуе және құрлықтан шара қабылдадық. Өрт сөндіру техникамызға Ресейлік 2 ұшақпен толықтырдық. Біз резервтегі күштермен бірлесе отырып, барлығы 24 ұшақ, 100 тікұшақ және 10 ұшқышсыз ұшақпен орман өртімен күресіп жатырмыз. Сондай-ақ, жер өңдеу пунктінде 4800 техникамыз бен 25 мың орман шаруашылығы қызметкеріміз жұмыс істеуде.
Түркияда орманға от қойған адамдар қатаң жазаға тартылады. Олар кем дегенде 10 жылға бас бостандығынан айрылады. Ал мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы мақсатта құрылған ұйымның айдап салуымен орман өртегендер қалған ғұмырын темір тордың ар жағында өткізеді.
Хасан Кумкале, заңгер:
- Түркияда орман заңы бар. Соның 110 бабында орманды өртеу- қылмыстық іс болып саналады. Онда орман өрті үш тармақпен қарастырылады. Абайсызда орман өртін шығару 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Екіншісі, қасақана жасау кемінде 10 жыл жаза беріледі. Ал, егер лаңкестік ұйымның нұсқаулығымен орман өртін жасасаңыз өмір бойы бас бостандығынан айрылады. Ал, елде мекенде абайсызда шыққан өрт ормандық алқапты шарпыса 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Түркия Орман шаруашылығы бас басқармасының мәліметіне сәйкес, 1988-2019 жылдар аралығында барлығы 68 579 өрт шығып, 337 мыңға жуық гектар жер жанып кеткен. Өрттің дені адами фактордан туындаған. Ал оның 48% пайызы абайсыздықта, 10 пайызы қасақана, 11 пайызы табиғи себептерге байланысты. 30 пайыз жағдайда өрттің шығу себебін табу мүмкін болмаған.