Әлем елдерінде қуаңшылық айналаны қуратып жатыр
Уругвай астанасы Монтевидеода құрғақшылықтан су айдындары тартылып, ауызсу тапшылығы туындады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Германияда жауын-шашын азайып, аптап ыстықтан орман ағаштары қурап жатыр
Дүниежүзінде қуаңшылықтан көп зардап шегіп жатқан елдің бірі – Латын Америкасындағы Уругвай. 3,5 миллион тұрғыны бар шағын мемлекетте биыл жыл басынан жаңбыр жаумай, жағдай ушыққан. Әсіресе ел астанасы Монтевидеода ахуал қиын. Қуаңшылықтан шаһардың негізгі ауызсу көзі саналатын Канелон-Гранде көлі тартылып, қалада таза ауызсу тапшылығы сезілді. Адамдар тіршілік нәрін дүкендерден сатып алуға мәжбүр.
Марио дель Пино, жергілікті тұрғын:
- Бұрын бұл көлдің суы мол болушы еді. Бұлайша тартылып, суалған жерге шөп өсіп кеткенін көрмеппін.
Федерико Креймерман, кәсіподақ өкілі:
- Мәселе ауыл шарушылығына байланысты туындап отыр. Мысалы, Санта-Лучия өзенінің бойында бау-бақшаны суару үшін 400-ден аса жекеменшік су қоймасы салынған.
Еуропа елдерінде де қуаңшылық айналаны қуратып жатыр. Испанияда биыл қыс қарсыз, ал көктем-жаз айларында жауын-шашынның аз болуынан су қоймалары жартылай ғана толып, су тапшылығы өткір сезілді. Салдарынан малына су таба алмай қиналған шарулар көбейді.
Мануэль Монтесинос, шаруа:
- Биылғы қуаңшылық қатты. Аптап ыстықтан өмірі тартылмаған айдындар суалып қалып жатыр. Қазір бұрынғыдай малымызға жақсы жайылым іздеп емес, су іздеп көшетін болдық. Жаңбыр сиреген сайын шөп те өспей жатыр.
Германиядағы жағдай да осыған ұқсас. Құрғақшылықтан өзен-көлдердің суы азайып, ормандарда ағаштардың қурауы көбейген. Отырғызылған көшеттер бой көтермей, күнге күйіп кетті. Орманшы Ральф Якел 25 жыл бұрын ыстыққа төзімді деп отырғызылған емен мен майқарағай да аптап ыстыққа шыдаймайтын болды дейді.
Ральф Якел, орманшы:
- Қазір Орталық Еуропаның көп ауданында ыстықтан ормандар қурап, оталып қу далаға айналып бара жатыр деген мәлімет бар. Бірақ мен келешекте ол алқаптар қалпына келіп жағдай өзгереді дегенге сенемін.
БҰҰ мәліметіне сүйенсек, жер жаһанда климаттың өзгеруінен құрғақшылық жиілеген. Сарапшылар осы ғасырдың ортасына таман жер бетіндегі халықтың үштен бір бөлігі қуаңшылықтың зардабын шегетін болады деп отыр.
Авторы: Дәурен Ақашұлы.