Париждегі Олимпиада ойындарына дайындық пысықталды
Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының басталуына тура бір жыл қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұйымдастыру комитеті жұмыстарды пысықтап, спорт жанкүйерлері үшін 200-ден аса арнайы орын ашатынын жариялады. «Фанаттар аймағы» деп аталған нысандарға кіру тегін болады.
Фанаттар аймағы Париждің 23 нүктесінде пайда болады. Онда жанкүйерлер үлкен экрандарда сайысты тамашалауға мүмкіндік алады. Қосымша ретінде спорттық және мәдени шараларға қатыса алады. Қаладағы басты нысандардың бірі Эйфель мұнарасына қарама қарсы орналасқан Чемпиондар саябағы болмақ. Кез келген елдің спортшысы фан аймаққа келіп, жанкүйерлерімен бірге жарысты тамашалауына жағдай жасалады.
Анн Идальго, Париж мэрі:
- Олимпиада ойындары пікір алмасатын алаңға айналғанын қалаймыз. Халық жарысты көре алатын орындарымыз болуы керек. Онда үлкен экрандар орнатылады. Ал спортшылар мен әртістер өз шараларын өткізеді.
Бүкіл ел аумағында құрылатын фанаттық аймақтар миллиондаған адамды қабылдайды. Жалпы Франция Олимпиада ойындарына қызу дайындалып жатыр.
Айта кеткен жөн, араға 100 жыл салып, Олимпиаданы қайта қабылдағалы отыр. Әлемдік дәрежедегі спорт сайысы Парижде 1900 және 1920 жылы өткен еді. Ойынның ашылу салтанаты әдеттегідей стадионда емес, Сена өзенінің жағасында өтеді.
Тони Эстанге, Париж-2024 Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің президенті:
- Ашылу салтанаты өте маңызды. Өйткені бүкіл әлем Парижегі Олимпиаданы осы шарадан көре бастайды. Алғаш рет ойындарды ашу салтанаты стадионда емес, қала ішінде өтеді. Спортшылар оған қайыққа мініп келеді. Алаңда осы рәсімді жүздеген мың адам көреді, бұл стадионмен салыстырғанда 10 есе көп.
Ұйымдастыру комитетінің президенті Тони Эстанге дайындық шаралары жоспарға сай екенін айтты. Билеттердің жартысынан көбі осы күнде сатылып кеткен. Ауқымды спорттық шараны 13 миллионға жуық адам тамашалайды деген болжам бар. Ұйымдастырушылар спортшылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр. Осыған байланысты ойын кезінде тәртіпсіздікті болдырмас үшін түрлі шараларды қолға алу жоспарланған. Олардың ішінде адамдарды жасанды интеллектпен анықтау, шерулерге тыйым салу жағы қарастырылды.
Авторы: Бекболат Тұрмаханов.