Еуропада орман өрті өршіп тұр

Аптап ыстық салдарынан Еуропаның бірнеше елінде орман отқа оранды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ірі өрт ошағының бірі Португалия астанасы Лиссабонға жақын ұлттық паркте тіркелді. Табиғат апатынан жапа шеккендер туралы ақпарат жоқ. Тілсіз жаумен күреске 600 өрт сөндіруші жұмылдырылған.

Мигель Медейрус, жергілікті тұрғын:

- Өрт сөндірушілер лаулаған жалынды ауыздықтау үшін түстен бері күресіп жатыр. Бірақ жел күшейіп, кедергі келтіріп тұр. Өрттің неден шыққанын білмеймін.

Испанияның Канар аралдарында да орман өртеніп, жүздеген тұрғын шұғыл түрде эвакуацияланды. Аралдың таулы ауданыннан шыққан өрт 200 гектар жерге тарап үлгерген. Өртпен 100-ге жуық сөндіруші күресіп, ұшақтар қолданылып жатыр.

Хосе Рамон Энрикес, жергілікті тұрғын:

- Аулада жүрген едім, орманнан түтіннің иісі келді. Дереу өрт сөндіру қызметіне телефон шалып хабарладым. Олар маған өрт сөндірушілер жалынды бір рет сөндіргенін айтқан еді, бірақ көп ұзамай орман қайта жалынға оранды.

Италияның Сицилия аралында да орман лаулап, Палермо қаласындағы халықаралық әуежай жабылды. Шаһарды түтін тұмшалаған. Жергілікті билік лапылдаған өрт тез жайылып бара жатқанын айтады. От аптап ыстықтан тұтанған. Аймақта өткен күндері сынап бағанасы +47 градусқа жеткен.

Ал Грекиядағы Родос пен Корфу аралдарында өткен аптада басталған орман өрті бой бермей тұр. Өрт шарпыған мекендерден туристерді эвакуациялау әлі жүріп жатыр. Мүнда да тілсіз жаумен күреске жүздеген өрт сөндіруші жұмылдырылған. Кеше алауды сөндірумен айналысып жатқан шағын ұшақтың бірі апатқа ұшырап, 2 ұшқыш қаза болды.