Әлемде 35 млн балаға қызылша жұғу қаупі төнді
Бүгінде қызылша ауруы әлемнің бірқатар елінде белең алуы мамандарды алаңдатып отыр.
Дерттің тез таралуына не түрткі болды?
Бүгінде әлемде 35 миллион балаға қызылшаны жұқтыру қаупі төніп тұр. Өйткені өзгелермен салыстырғанда, дәл осы ауруға қарсы иммундау көрсеткіштері әлдеқайда төмен. Былтыр жоспарлы екпені 22 миллион бүлдіршін салдырмаған. Тағы 13 миллионы оның қажетті екінші дозасын қабылдамады. Салдарынан әсіресе Ауғанстан не Африка мемлекеттері секілді тұрмыс деңгейі төмен елдердегі ахуал ушығып барады. Мамандар бұл пандемияның салдары дейді. Өйткені коронавирус кесірінен балалар жоспарлы екпелерін өткізіп алған.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:
"2021-шы жылмен салыстырғанда, былтыр вакцина қабылдаған балалар саны 4 миллионға көп болды. Әрине, статистика қуантады. Дегенмен, иммундау деңгейі барлық мемлекетте бірдей қалпына келді деуге болмайды. Әсіресе тұрмыс деңгейі төмен елдерде вакциналау баяу жүріп жатыр. Коронавирус қасықтап жинағанымызды, шөміштеп төгуге себеп болды. Біз пандемияға дейінгі көрсеткіштерге әлі жете алмай отырмыз. Әсіресе қызылша, адам папиллома вирусы, сары безгек секілді алдын алуға болатын ауруларға қарсы екпе салдырғандар тым аз."
Мамандар Еуропада пандемиядан кейін иммундау көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижелер тіркеліп отырғанын айтады. Алайда Ұлыбританиядағы ахуал өзгеше. Жергілікті дәрігерлер мұнда жақын арада қызылша өршуі мүмкін деп ескертеді. Өйткені елде індетке қарсы вакцина салдырғандар тым аз. Әсіресе Лондондағы жағдай алаңдатарлық. Қалада ауру жұқтырғандар саны 160 мыңға дейін жетуі мүмкін. Әзірге ондай адамдар саны 100-ден асады. Бірақ жағдай әп-сәтте өзгеріп шыға келуі ықтимал дейді мамандар. Жергілікті ережелерге сәйкес, корольдікте ауруға қарсы екпенің алғашқы дозасы балаға бір жасында, сосын 3 жарымға толғанда салынады. Алайда 2000 жылдардың басында британдықтар арасында бұл вакцина аутизм тудыруы мүмкін деген қате пікір кеңінен тараған. Иммундау көрсеткішінің төмен болуы да осыдан.
Украинада ДА қызылшаға қарсы иммундау көрсеткіштері төмен. Мұнда да оған алыпқашпа әңгімелер себеп. 2008-жылы қызылшаға қарсы екпеден кейін жас жігіт менингиттен көз жұмды деген жалған ақпарат кеңінен тараған. Осыдан кейін балаларына вакцина салдырғысы келетін қатары күрт азайған. Бұл аздай препараттардың жеткізілуіне қатысты да қиындықтар туындаған. Салдарынан әр 5 жыл сайын елде қызылша өршіп отырды. Мамандар енді биыл да сондай жағдай қайталана ма деп қауіптенеді. Өйткені алда жаңа оқу жылы.
Игорь Кузин, Украина денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
"2017-2019 жылдары Украинада қызылша өршіп, ол кезде 115 мың бала ауру жұқтырған. Биыл да қауіп жоғары. Бұрынғы жағдай қайталанбас үшін 1 қыркүйекке дейін 260 мың балаға екпе салуымыз керек".
Көрші елдердегі ахуалға келетін болсақ, Өзбекстанда жыл басынан бері қызылшаны жұқтырудың 160-тан аса оқиғасы тіркелген. Көбі шетелден оралғандармен қарым-қатынастан кейін анықталған.
Көрші Ресейдің Пенза облысында қызылша жұқтырғандар саны күрт артып кеткен. Бұл ретте мамандар "сақтансаң - сақтайды" дегенді еске салып, дер кезінде екпе салдыруға шақырады.