Грузияда робот қызметі енді дәріханаларда да қолданылады
Жасанды интеллектіге негізделген бағдарлама неміс серіктестермен бірге іске асырылып жатыр.
Олар қажетті дәріні тауып, сөрелерді реттеп отыруға фармацевтер үшін таптырмас көмекші екен.
Жылдам, нақты және қатесіз. Мамандар Тбилиси дәріханаларындағы роботтардың жұмысын осылай бағалайды. Бұл жалпы Кавказ аймағында қолға алынған алғашқы жоба.
Нодари Джавахишвили, дәріханалар желісінің коммерциялық директоры:
- Біздің дәріханалар желісі келушілерге қызмет көрсету ісіне роботтарды бірінші рет тартты. Қазір олар астанамыздың 2 орталық ауданында бар. Жылдың аяғына дейін тағы бірнешеуі пайда болмақ. Бұл робот сатып алушының да, фармацевтінің уақытын үнемдейді.
Дәріхана роботының жұмыс реті мынадай. Фармацевт сатып алушының тапсырысын қабылдап, роботқа электрон жүйе бойынша тапсырма береді. Осы пәрменді құп алған құлтемір ақпаратты өзі өңдеп, дәрі-дәрмекті табыстайды.
Диана Кочишвили, фармацевт:
- Робот фармацевтердің жұмысын едәуір жеңілдетті. Ол адамнан жылдам және дәрінің мөлшері мен жарамдылық мерзімі бойынша ешқашан қателеспейді. Фармацевт дәріні сөрелерден іздеп әуре болмайды.
Фармацевт дәрі-дәрмекті арнайы бөлікке күнде салып қояды. Оған 10 мың бумаға дейін сыяды. Әрі қарай робот оны сөрелерге орналастырады және ретімен беріп отырады.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина