«Оземпик» препаратына сұраныс артты. Шартарап

Дәрігерлер «Оземпик» препаратына сұраныстың артуына алаңдап отыр.

Кейінгі кезде қант диабетін емдеуге арналған дәріні артық салмақтан арылу үшін қолданатындар қатары көбейген. Әсіресе Голливуд жұлдыздары оның көмегіне жиі жүгінетін болыпты.

Артық салмақтан арылудың «жеңіл» жолы:     

Препарат – қант диабетін емдеуге арналған инъекция. Ол қандағы глюкоза мөлшерін азайтып, инсулинге сезімталдықты арттырады. Соның нәтижесінде адамның тәбеті төмендейді. Ал асқазан-ішек жолының жұмысы баяулайды.  Осы ерекшелігіне байланысты препаратты кейбір елдерде диабетпен қоса семіздікті емдеу үшін де қолданып жатыр. Дәрінің көмегімен артық салмақтан арылғандардың бірі – Германияда тұратын Ирина Эрнстбергер. Зейнеткер 18 келіге арықтаған. 

Ирина Эрнстбергер, зейнеткер:

- Өмір бойы артық салмақпен күресіп келдім. Диетаның түр-түрін көрдім. Дәрігерімнен осы препарат туралы білдім. Соны қабылдап көрейін деп шештім. Нәтижесінде тамақты аз ішетін болдым. Өйткені дәрінің арқасында ұзақ уақыт бойы өзіңізді тоқ сезінесіп жүресіз. Әрине, ол арзан емес. Бірақ ол өмірімді өзгертуге көмектесті.

 

Дәрі денсаулыққа зиянды ма?

Алайда шетелдік дәрігерлер семіздікпен күресте препаратты оңды-солды қолдануға болмайтынын айтады. Қан қысымы жоғары болғанда не қандағы холестерин мөлшері нақты межеден асып кеткенде ғана дәріні егуге рұқсат береді. Бірақ кейінгі кезде оны жаппай қолданатындар көбейген. Әсіресе Голлуивуд жұлдыздары осыған және ұқсас препараттардың көмегіне жиі жүгінетін болған. Дәрігерлер мұның қауіпті екенін ескертеді. Бірақ сұлулықты сатып аламын дегендердің оған құлақ асып жатқаны шамалы.  

Зоя Смит, жергілікті тұрғын:

- Мен түрлі диеталарды көрдім. Біздің өңірде мен іздеген дәріні арықтау үшін қолдануға рұқсат етілмеген. Сондықтан мен оған инетернетте тапсырыс беріп, 230 стерлинг фунтына сатып алдым. Бұл – бұған дейін болған жағдай. Қазір препаратты дәріханадан еш қиындықсыз сатып алуға болады. Тек анкетаны толтырасыз. Ондағы сұрақтарға өтірік жауап берсеңіз де, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Міне, мен осы алаңдатады. Бұл дәрі туралы әлеуметтік желіден білдім. Онда жанама әсері туралы толық айтылмаған.

 

Дәрінің кері әсері

Дәрігерлер арықтатын препараттардың жанама әсері көп екенін айтады. Нақты Оземпикке келсек, дәріні қабылдағандар өзін жайсыз сезінген. Өндірушілер ондай жағдай өнімнен емес, көп препаратты шамадан тыс қабылдағаннан дейді.

Ларс Йоргенсен, фармацевтикалық компания президенті:

- Біз үшін ең бастысы – препараттарымыздың қауіпсіздігі. Клиникалық зерттеулер кезінде дәрінің кері ретінде асқазан-ішек жолдары жұмысының бұзылуы тіркелген. Бірақ бұл жеңіл не орташа дәрежеде болған. Және ұзақ уақытқа созылмаған.

Дәрігерлер жанама әсерімен қоса кез келген дәрі секілді мұнда да қарсы көрсетілімдер болатынын еске салады. Бұл туралы арнамызға берген сұхбатында эндокринолог айтып берді. Қазақстанда бұл дәрі тек 2-ші типтегі қант диабетін емдеу үшін қолданылады екен. 

 

Сарапшы пікірі

Гүлнар Темірғалиева, эндокринолог:

- Бұл топтағы препарат нарықта бұрыннан бар. Бірақ Қазақстанға келгеніне екінші жыл болды. Нұсқаулық бойынша Оземпик тек екінші типті қант диабетін емдеуге ғана арналған. Демек семіздікті емдеу үшін қолдануға болмайды. Ол қант диабетіне шалдықпаған, бірақ артық салмақтан арылығысы келетіндерге тағайындалмайды. Бұл үшін басқа дәрілік заттар қарастырылған. Оземпикті жасы әлі 18-ге толмаған балаларға, жүкті келіншектерге, бала емізетін әйелдерге, бауырының ауыр патологиясы бар адамдарға, бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға және бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққандарға қабылдауға болмайды. Бізде препарат тек дәріханада ғана сатылады. Және тек дәрігердің рецептімен ғана беріледі.

Осылайша, мамандар Озимпикті тек дәрігер нұсқаулығы бойынша қабылдауға шақырады. Өйткені СNN басылымы оның қабылдаудан кейін асқазанға қатысты күрделі ауру пайда болғаны туралы хабарлайды. Бұған қатысты зерттеулер жүріп жатыр. Одан бөлек артық салмақтан арылғысы келетіндер тарапынан сұраныстың артуына байланысты дәрінің тасымалдануына қатысты қиындықтар да туындаған. Демек қант диабетімен ауыратындарға қажетті дәрі дер кезінде жеткізілмей қалуы мүмкін.