Оңтүстік Кореяда Қазақстан суретшілерінің көрмесі ашылды
Сеулдің дәстүрлі өнері – Инсадонг көшесінде қазақстандық суретшілердің апталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көрмеге 12 автордың 30-ға жуық картинасы қойылды. Олардың қатарында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Бақытнұр Бүрдісбеков, Алпысбай Қазғұлов және Әділғали Баяндиннің туындылары бар. Ал Гүлжамал Тәгенова мен Зарина Шүкітаеваның картиналары алғаш рет көрсетілді. Шығармалардың басым бөлігі еліміздің табиғаты мен халық аңыздарына арналған. Мәдени шараны Алматыда 28 жылдан бері тұрып келе жатқан корей азаматы, суретші Лим Джон Ок ұйымдастырды.
Лим Джон Ок, ұйымдастырушы:
- Кореяда қазақстандық шеберлерді әлі де жақсы танымайды. Сондықтан біз олардың картиналарын көрсетуді жөн көрдік. Жергілікті тұрғындар қазақ суретшілері мен олардың өмірі туралы біртіндеп біле бастады.
Лим Ми Джа, суретші:
- Былтыр көрмеде болғанмын. Биыл картиналарды жоғары дәрежелі шеберлер жасағаны сезіліп тұр. Туындыларда әдемі және ерекше түстер пайдаланылған.