Испанияда екі тәулікте аптап ыстықтан елу адам көз жұмды
Испаниядағы аптап ыстықтан кейінгі 2 күнде 50 адам қайтыс болды.
Бұл туралы Мадрид қаласындағы Карл атындағы Үшінші университет мәлімдеді. Қазір Пиреней түбегіндегі елдің бірқатар аймағында қауіптің ең жоғары - "қызыл деңгейі" жарияланды. Көлеңкенің өзінде 44 градусты көрсетіп тұр. Испания метеорологиялық қызметі аптап ыстықтың беті тамызда да қайтпайтынын ескертті.
Аида Қыдырбай, тілші:
- Әуе айналып жерге түсетін қапырық ыстықтан әсіресе қарт адамдар қатты қиналып жатыр. Небәрі 10 күннің ішінде ыстықтан қайтыс болған қариялар саны 700-ге жуықтаған. Бұл туралы Мадрид қаласындағы Карл атындағы Үшінші университет мәлімдеді. Олардың мәліметі бойынша қарт адамдар басынан күн өткенін білмей де қалған.
Мануель Алем, зейнеткер:
- Испания жыл он екі ай жылы маусымда өмір сүретін ел. Алайда жазы қатты ыстық. Ал мынадай ауасы қатты тарылған шілдені алғаш рет көруім. Зейнет жасындағы қарт достарым ыстыққа төтеп бере алмай, төсек тартып жатыр.
Еуропадағы аптап ыстыққа қарамастан Испанияға ағылған туристердің ресми саны жыл аяғына дейін 85 млнды құрамақ. Google зерттеуіне сенсек, Испания АҚШ пен Италиядан кейін саяхатшылардың жоғары сұранысына ие 3 елдің қатарына енді. Жергілікті белсенділер қаптаған туристер ауаны тарылтады деп шағымданып отыр. Сондықтан олар "күніне мыңдаған турист таситын круиз лайнерлерге билік қатаң шектеу енгізуі керек" деген талап қойды.
Пабло Родригес, экобелсенді:
- Бір ғана жексенбі күні Барселонаға ұзындығы 4 шақырымды құрайтын 15 круиз кемесі аялдаған. Олар ауаны, суды ластайды. Испания 100 жылда болмаған қуаңшылықты бастап кешіп отыр, мемлекет тым құрығанда круиз санын шектейтін шара қолдануы тиіс.
Билік талай рет уәде бергенімен, круиз лайнерге қатысты қатаң шектеуді әлі енгізген жоқ. Десе де Барселонада “климаттық баспана” деп аталатын жоба жүзеге аса бастады. Яғни аптап ыстықта кітапхана, мұражай, мектеп, спорт нысандарына еш кедергісіз кіріп, салқын ауамен тыныстап алуға жағдай жасалды. Қазір осындай климаттық баспаналар саны 227-ге жетті. Бұл жерді көбіне қарттар мен туристер паналап жүр.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач